Алматыда су құбырын жөндеушілер бейпіл ауыз басшысына шағым айтты
Алматыда су құбырын жөндеушілер «жүгенсізден қысым көрдік» деп, жаңа басшыларына жаппай қарсы шықты. Айтуларынша, бір айдан бері естігендері балағат, көргендері қоқан-лоққы. Жаңа басшы қол астындағыларының әр қадамын видеоға түсіріп, есеп беруге міндеттепті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
09.12.2019
«Алматы су» мекемесінің Медеу ауданындағы бөлімінен бір айдан бері береке кеткен. Шыдамы шегіне жеткен жұмысшылар бассыздықты баяндауға жиналды. Айтуларынша, қит етсе басшыдан балағат сөз естиді екен.
Жомарт Тоқтарбай, «Алматы Су» МКК қызметкері:
- Қолымен былай шақырып алады да: «Неғып отырсың? @...сың ба?» дейді маған. «Аға, сөзіңізге ие болсаңызшы» десем, неше түрлі боғауыздар айтады.
Нұрсұлтан Әбдікәрімов, «Алматы Су» МКК қызметкері:
- Талай бұқаның мүйізін сындырғам, сендейлердің, мен генеральныйдың адамымын, кез келгеніңді орнынан алып, нетіп тастаймын, ештеңені ұқпаймын мен, любой бұқаның мүйізін сындырғам», дейді.
Бейпіл сөйлегені аздай, қызметкерлердің әр қадамын аңдуды шығарды дейді ашынған жұмысшылар. Коммуналшылардың барған жерін видеоға түсіріп, әр сәтініне есеп беруге міндеттепті. Ол үшін әлеуметтік желіден арнайы топ ашқан.
Самат Сағынбеков, «Алматы Су» МКК қызметкері:
- Учаскеден шығыпкіргенімізді қайд барып, не істегенімізді видеоға түсіріп, «есеп беріңдер» дейді. Әйтпесе, түсініктеме жазасыңдар, жұмыстан шығарып жіберемін деді.
Жұмысшылар көлік ағылған көшелерде люке түсіп, құбыр жөндейді. Ондай жерде есеп беріп отыру аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бірақ ұжымда жаңа тәртіп орнатқан Ысқақ Бұрхан мұны «әкімдіктің талабы» деп отыр. Ал «бейәдеп сөздер аузымнан шыққан емес» деп ақталды.
Ысқақ Бұрхан, «Алматы Су» МКК Медеу аудандық учаскесінің басшысы:
- Ондай жағдай, боқтау, орын алған емес. Боқтады, боқтады. Менің жасым 51де. Мен неге ондай айтуға міндеттімін? Апат қызметі қай мекенжайға кетті, оның бәрін видеоға түсір деген жоқпыз. Фото. Оны әкімдік талап етеді.
Бөлім бастығының сөзін «Алматы су» мекемесінің басшылары сол жерде жоққа шығарды. Айтуларынша, мұндай талап болған емес. Ал жұмысшылардың арызы бойынша тексерісті бастапты.
Мұратхан Нұркен, «Алматы Су» МКК департамент директоры:
- Әзірге тексеру жүргіземіз. Өзіміздің мекеменің ішінде. Бұл жігітті бүгіннен бастап, тексеріс біткенше орнынан ығыстырамыз.
Осылайша жұмысшыларымен сөзі жараспаған Ысқақ Бұрхан уақытша жұмыстан шеттетілді. Тексеріс біткен соң нақты шешім қабылданбақ. Ал коммуналшылар оны қызметтен түбегейлі босатуды сұрайды. «Дегенімізге жетпей, қоймаймыз» деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!