Ақмола облысы: Құтқарушылар. Адасқандар. Оралмағандар.
Ақмола облысында демалыс күндері ескертуді елемей жолға шыққан жолаушылар төтенше жағдай қызметін аяғынан тік тұрғызды. Құтқарушылардың қиындыққа душар болған 130 адамды алай-дүлей бораннан алып шығуына тура келді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
09.12.2019
Есіл ауданында үш техникамен сабан әкелуге шыққан тракторшыларды құтқарушылар тәулік бойы іздеген. Боран күшіне еніп, түк көрінбей кеткенде бағытынан адасып кеткен олар аман-есен табылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдар жабылып, Нұр-Сұлтан - Петропавл тас жолындағы автобустың 70 жолаушысы Көкшетауға жеткізілген. Олар тек келесі күні ғана жолға шықты. Және де боранда тас жолдың үстінде төтеншеліктер 30 көліктегі жолаушыларды құтқарған. Ал Жақсы ауданында атты бақташы кешқұрым мал іздеп кетіп, оралмаған. Парчовка ауылының 46 жастағы тұрғыны түн ішінде далада адасып жүрген жерінен табылды. Оны қолындағы ысқырғышы құтқарып қалған.
Алексей Советов, Ақмола облыстық ТЖД бастығы:
- Бақташының қолында ысқырғышы болған. Ол біздің техникамыздың гуілін естігенмен, айқайлауға шамасы келмепті. Ысқырып белгі берді. Ауылдан бес шақырымға ұзап кетіпті. Түк көрінбейтін боранда жолдан шығып кеткен. Әйтеуір, аты да, өзі де аман. Ескерту жасалса да, боранда жолға шыққандар көп болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!