Жәндіктерді жоймақ болған ана мен бала ажал аузында жатыр
Тарақан улаймыз деп өздері уланды. Алматыда жәндіктерді жоймақ болған ана мен бала зардап шекті. Тура бір апта бұрын 67 жастағы Светлана Баленко мен 30 жастағы ұлы ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, оларға жәндіктерді өлтіретін құралдан улану диагнозы қойылған. Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
10.12.2019
Оқыс оқиға осыдан бір апта бұрын болған. Маринаның анасы үй ішіне жәндіктерге қарсы дәріні сеуіпті. Тарақанды жоямыз деп қарақан бастары уланды. Алғашында ұлы, келесі күні өзі ауруханаға түсіп, комадан бір-ақ шығады. Бірақ улануға себепкер болған дәріні дәрігерлер қойған диагноздан кейін ғана біліпті. Бұл дәрі Светлана Баленконың қызына да әсер етіпті.
Марина Баленко:
- Анамды дүйсенбі күні ауруханаға алып кеткеннен соң, келесі күні менің де жағдайым нашарлады. Тіпті қазірдің өзінде әзер тұрмын.Әйтпесе үйде екіүш сағат қана болғанмын. Халық бұл дәрілердің зиян екенін біліп, абай болса екен деймін. Сондай-ақ, мұндай адам өміріне қауіп төндіретін препараттарды жасап шығарғандарды жазалау керек.
Ал қолдан келген көмекті аяған жоқпыз деген дәрігерлер науқастардың дер кезінде қаралмай, уақыт өткізіп алғанын айтады. Сөйтіп өкпесі істен шыққан.
Гүлмира Тойбаева, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Қазір науқастардың жағдайы ауыр. Бізге олар дер кезінде жеткізілмеген. Енді жансақтау бөліміне жатыр. Сондайақ жасанды аппаратпен тыныс алуда. Тиісті ем-шара жүргізілуде.
Зардап шеккендер үйдегі жәндіктерді өлтіруге «Палач» деп аталатын ресейлік өнімді қолданған. Оның құрамына орташа қауіпті заттар кіреді екен. Сондай-ақ, нұсқаулықта үйде адам жоқ және терезелері ашық жағдайда ғана қолдануға болатыны көрсетілген. Осылай деген мамандар уланудың себебі қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан дейді.
Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:
- Біз үйіне шығып, қызымен үйінде қалған препараттарды тауып алдық. «Палач» деген препарат болып шықты. Тағы бір препарат «Пасбуд» деген. Ол екі препаратты бүгінде тексеруге зертханаға өткіздік. Содан кейін үйдін ішіндегі ауаны өлшеуге алдық.
Дәрі қаланың кез келген сауда орындарында еркін сатылуда. Сондай-ақ сатушылар бұлардың жәндіктерді өлтіруге тез әрі жақсы көмектесетінін жеткізді. Десе де оларды қалай қолдану керектігін, бір-бірінен айырмашлығы неде екенін айырып бере алмады.
- Бұл иіссіз, жақсы көмектеседі. Ал мынау ұнтақ түрінің иісі бар, сумен болады, жай себесің.
- «Палач» түпнұсқасы ма?
- Қандай айырмашылығы бар?
- 1000 теңге тұрады. Түпнұсқа емесі 600 теңге. Түпнұсқасы дұрысырақ әрине. Ол тиімді. Түпнұсқасы да жасанды болып шықпаса игі.
- Қауіпті ме? Қауіпсіз бе?
- Иә. Қауіпті болса, шығармаушы еді.
Қазір жауаптылар тиісті іс-шара жүргізіп, аталмыш құралды зертханада тексеріп жатыр. Зардап шеккендердің көршілерінен де хабар алып, денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын анықтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!