Көкшетау іргесіндегі үш мың тұрғын қалаға жете алмай сабылып жүр
Көкшетаудың іргесіндегі үш мыңнан аса тұрғыны бар үш ауылға автобус қатынасы кілт үзілді. Бір жарым айдан бері сабылған жұрт қалаға барса, үйіне жете алмай қиналып жүр. Әсіресе облыс орталығына қатынап жұмыс істейтіндерге, студенттерге қыруар шығынға айналған. Жұрт жағдайды айтып құзырлы орындарға талай шағымданыпты. Бірақ нәтиже жоқ. Көкшетау-Павловка бағытына жолаушылар тасымалдауды тендер арқылы жеңіп алған «Көкшетау автобус паркі» жүретін жол жаман деп, көрсетуі тиіс қызметінен бас тартып отыр екен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
10.12.2019
Күніне облыс орталығынан үш рет қатынайтын жолаушы көлігінің сап тиылғанын тұрғындар түсіне алмай жүр. Өйткені олардың шағымына не жергілікті әкімдік, не жолаушылар тасымалдау мекемесі жауап бермеген. Қазір аса қажет жағдайда қалаға баруға олар таксиге 4 мың теңге төлейді екен.
50 шақырым жердегі Көкшетауға қатынап жұмыс істейтіндерді айтпағанда, дәрі-дәрмекке, азық-түлікке де жұрт ауылдан қалаға сабылады. Мәселен, 900 тұрғыны бар Приречен ауылында дәріхана да жоқ. Студенттердің қатынауы да қиындаған. Осы Шағалалы, Приречен, Павловка ауылының тұрғындары жол азабын тартып жүргендерін жергілікті әкімдерге талай жеткізіпті.
Валентина Бучарская, Павловка ауылының тұрғыны:
- Жәйданжәй әкімдікке кіре алмайсың. Сен кімсің дейді ғой. Қабылдауға жазылып тұрып, аудан әкіміне барып айттық. Селт еткен жоқ. Бізді мұнда адам деп санамайды. Әйтпесе, бізде бала жоқ па? Олар ауырмай ма? Зейнеткерлер зейнетақысына бару керек. Сүт керек, ет керек. Ауылдан әкетеді. Көкшетаудың тап іргесінде отырып, сорлап жүрміз.
Жолаушылар тасымалдау қызметін Көкшетау қаласы ұйымдастырғанымен, бұл елді мекендер Зеренді ауданына қарайды. Бірақ тұрғындарының жол азабын тартып жүргенін аудан әкімі білмейтін болып шықты. Ауыл әкімі де тұрғындардың әкімдікке келгенін көріп отырып, жылы кабинетінен әрең шықты.
Абзал Мейрамов, Приречен ауылдық округінің әкімі:
- Қандай күш бар соны істеп жатырмыз. Хат та жаздық, сөйлестік те. Енді құдай қаласа жібереміз деді. Жол жақсы өздеріңіз келдіңіздер ғой.
Әсия Шәрімова, «Көкшетау автобус паркі» ЖШС бас директоры:
- Үш автобус конкурста сол маршрутқа жазылған. Олар 3і де сынып тұр. Бүгінге қарағанда, қар мүмкін жауып, айтады ғой «зимний асфальт» деп. Қар болмағанда, қара жер болып жатқанда қарау керек. Жол жоқ!
Жолаушы тасымалдаушы компания басшысы жол жоқ, көліктерім ойдым-ойдым жолдан бұзыла береді десе, әкім мырза жол жақсы дегеннен танбайды. Екі тараптың тартысының зардабын тұрғындар шегуде. Егер көктемде күрделі жөндеу жасалмаса, автобус паркі қызметтен мүлдем бас тартпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!