Жастар саясаты - 2020: Стипендия. Баспана. Жұмысқа тұрғызу
Жаңа жылдан бастап шәкіртақы өседі! Үш жылдан бері көтерілмеген стипендия 1-ші қаңтардан бастап 25 пайызға көбеймек. Сондай-ақ, 2020 жылы жаңа жастар саясаты тұжырымдамасы әзірленеді. Ол алдымен баспана, сапалы білім беру, жұмысқа тұру сияқты тетіктерді қамтуы тиіс. Бүгін Жастар жылының жабылу салтанатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Еліміздегі 133 мың студенткентке жағымды жаңалықтан басқа жиынды не айтылды?
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
10.12.2019
Екі жылдан бері қаңырап бос тұрған ЭКСПО-ның павильоны бүгін әр аймақтан келген жастарға толды. Президентпен кездескен қыз-жігіттердің арасында миллионерлер, өнертапқыштар, көшбасшылар, ақыны да, әншісі де, жас отбасылар да бар. Шетінен жеткен жетістіктерін жарыса айтты.
Иман Пернебеков, акушер-гинеколог:
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Атырау облысына жұбайымыз екеуміз бардық. Жұбайым бала дәрігері, мен акушергинеколог ретінде бардым. Мен өзі акушергинеколог маманы ретінде 100-ге жуық сәбиді дүниеге әкеліп, аналарымен қауыштыру мүмкіндігіне ие болдым.
Иман сынды талай жас бұл жылда мақсат-міндетін іске асырды. Баспана керек деген 3000 жас үйлі болды. 172 мың жас жұмыс тапқан. 9 жарым мыңы бизнес бастап, 53755 жас грант негізінде оқу орнына түсіпті.
Мадияр Қожахмет, Жастар және отбасы ісі жөніндегі комитет төрағасы:
- Жастар жылы аясында арнайы жол картасы қабылданған кезде барлық жастарды қолдау шараларына үш жылға 300 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Жиында сөз алған президент алдымен алаңдап жүрген мәселелерін жіпке тізді. Елімізде сағат сайын алты отбасының шаңырағы шайқалады екен. Тоқаев ұстаздар мен зиялы қауым өкілдері түсіндіру жұмыстарын көптеп жүргізу керек деген пікірде. Ал зорлық-зомбылық көріп жүрген жасөспірімдерге әр ата-ана жауапты болуы тиіс. Жат ағымның жетегінде жүргендердің жайы күн тәртібінен түспей тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Елімізде өкінішке қарай, оқымайтын, ештеңеге құлқы жоқ жастар саны көбейіп келеді. Әлеуметтанушылардың дерегіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандар жастардың 20 пайыздан астамы мектеп бітіргеннен кейін әрі қарай оқымай, үйінде отыруға мәжбүр. Сонымен қоса, төрт жастың үшеуі қоғамдық өмірге араласпайды, жастарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың бар екенін білмейді. Жастарға арналған шаралар тек есеп үшін өтпеуі тиіс.
Президент жастарды қолдауға Үкіметке 2020 жылы жастар саясаты туралы кешенді бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Айтып өтейік, құжат 20 жыл бұрын қабылданған. Сондай-ақ, атқарушы билікке жалған диплом жасайтындармен күресті күшейтіп, бакалавр, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысын көтеруді міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- 2020 жылдың 1ші қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің шәкіртақысы 25 пайызға көбейеді. Бұл шара 130 мың адамды қамтиды. Колледж студенттеріне де қолдау көрсетіледі. Келесі жылдың 1ші қаңтарынан бастап арнайы орта білім алатын колледж студенттерінің стипендиясы 25 пайызға өседі.
Жастар жылының жалғасы Волонтерлар жылы болмақ. Атқарар шаруа шаш етектен. Ұрандатып, жалындатып өткізбеу - міндет. Президент әрбір қазақстандық, кем дегенде екі сағатын волонтерлікке арнауы керек деп есептейді. Жыл аясында түрлі саланы дамытуға арналған 7 ұлттық жоба жүзеге аспақ.
Елімізде бір айдан соң волонтерлар жылы басталады. Волонтерлар тек табиғатты қорғап қана емес, адамзатқа көмек көрсетуге ынталы болуы тиіс. Олардың қоғамға қосқан үлестері мен мейірімді жүректері биылғы логотипте орын тапқан. Волонтерлар «Біз біргеміз» деп ұрандатуға әзір.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!