Сириядан оралғандар содырлар қанша жылға қамалды
Сирияда содырлардың сапында соғысқа қатысып келгендерге сот үкімі шықты. Ісі қаралған 14 отандасымыз ең азы 8 жыл, ал ең көбі 14 жыл арқалады. Сот отырысының өзі колония қабырғасында өткенін айта кетейік. Сонымен кім қанша жылға қамалды?
Автор: Ербол Тұрымбет
11.12.2019
Сириядан оралғандардың соңғы сот отырысы техникалық себептердің кесірінен тым кеш басталды. Тілшілер отыратын бөлмемен байланыс үзіліп, соның кесірінен отырысты үш сағаттай күтуге тура келді. Осынша уақыт аралығында техника мамандары байланысты қалпына келтіре алмай әбігерге түсіп, сол күйі жөндей алмады.
Екі ай бойы жалғасқан сот отырысы бүгін аяқталды. Сотталғандардың жаза мерзімі әр түрлі. Мысалы, араларындағы ең жасы – 1997 жылдың тумасы Абзал Амангелді 8 жыл алды.
- ҚК-тің 58 бабының 3 бөлігіндегі жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіәңіру арқылы, түпкілікті, Амангелдіге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде белгіленсін.
Тағы төртеуіне осынша жаза кесілді. Көшедегі кесілген төрт бірдей адам басын аяққа басып тұрып суретке түскен Аманжол Жансеңгіров 12 жылға қамалды. Ал ең үлкен мерзім алған – Нұрлан Камалов. Прокурордың айтуынша, ол Сирияда әмір дәрежесіне дейін көтерілген. Сол үшін прокурор 17 жыл сұраған еді. Бірақ судья оған 14 жыл берді. Сот үкіміне келіспеген кей туыстары қайта шағымданғысы келеді.
Айта кетейік, прокурор айыптау актісін оқыған күні оларға 10 жылдан 17 жылға дейін мерзім сұраған еді. Артынан айыпталушылар соңғы сөзін айтты. Сол кезде адасып қия басқанын жарыса айтып, жазасын жеңілдетуді сұраумен болды. Араларында шумақ-шумақ өлең оқып, Елбасы мен президентке рахметін жаудырғандары да бар.
Үш рет өткізілген «Жусан» арнайы операциясының арқасында Сириядан 600-дей қазақстандық елге қайтарылған еді. Олардың басым көпшілігі – балалар.
Сосын әйелдер. Бүгін жаза арқалаған 14 адам да сол жақтан жеткізілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!