Қан жұтқан анасы қаршадай қызының ажалын фельдшерден көріп отыр
Алматыда жеті жасар қыз ауруханаға ауыр жағдайда түсіп, көз жұмды. Қара жамылған отбасы іші ауырып, жедел жәрдемнен ем-дом алған қызының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Анасының айтуынша, оған дейін өмірге құштар баласының денсаулығында ешқандай кінәрат болмапты. Ал дәрігерлер шақыру журналында «Васелина Бражникова тіркелмеген» деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.12.2019
Қаршадай баласының ажалын қан жұтқан анасы жедел жәрдем қызметкерлерінен көріп отыр. Бұл жағдайға ол дәрігерлердің «салғырттығы себеп» дейді. Жай ауырған жасөспірімге алып-ұшып жеткен ақ халаттылар диагнозсыз 12 жастан асқан балаларға ішуге болатын дәрі берген. Ал Васелинаның жасы небәрі 7-де.
Көз жасы көл болған ана қызынан қапыда айырылып қалғанына әлі де сене алар емес. Қазан айында сабақтан келген 2-ші сынып оқушысы Васелина Бражникованың іші ауырып, жүрегі айниды. Қызының денсаулығына аландаған анасы тез арада ауруханаға жеткізген. Алайда ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен оны аман сақтап қала алмапты.
Евгения, Игнатьева, Васелинаның анасы:
- Ұлым мен қызым ауырып, жеделжәрдем шақырдым. Жексенбі күні болатын. Васелина кішкене ішінің ауырып тұрғанын айтты. Сөйтіп фельдшер қарағандай болып, «асып бара жатқан ауруы жоқ, сабаққа бармау үшін сылтауы» деді де, дәрі жазып беріп кетті. Ал бірнеше күннен соң балапаным ауыр жағдайда комаға түсіп, ертесіне одан мәңгіге айырылғаным туралы хабар естідім.
Дәрігерлер Васелинаны «жүрегі тоқтап қалды» депті. Марқұмның жақындары барлығына фельдшердің ішуге берген дәрісі себеп деген пікірде. Өйткені бұған дейін дені сау қызының қатты ауырып, көз жұмуы көңіліне күдік ұялатып отыр. Ал дәрідегі нұсқаулықты перзентінен айырылған соң бір-ақ қарапты.
Евгения Игнатьева, Васелинаның анасы:
- Кінәлі – фельдшер. Өйткені ол қызыма тайлолфен хот деген дәріні жазып берді. Қарсы нұсқаулығын қарасам, Васелинаның басында болған жағдайлар жазылған. Ол дәрі жақпаған жағдайда ішкі мүшелері ауырып, комаға түсу қаупі бар екен. Енді сол кінәлі болмаған да ше?!
Аталмыш мәселеге қатысты журналистер келеді дегенді күтпеген Боралдай аудандық ауруханасының қызметкерлері, бұл жағдайға өздері де аң-таң болды. Өйткені тез арада хабарласып, анықтап білгендей, олардың журналында Евгенияның бір ғана баласы тіркеуде тұр. Ал бақилық болған Васелинаның аты тіпті журналға да жазылмапты.
Дариға Садықова, Боралдай кенті ауруханасының директоры:
- Қазанның 13інде болған шақыртуды біздің журналда 4-ші бригада, яғни біздің емханаға қатысты бригада қызмет көрсеткен. Шақыртуға барған фельдшер Жөкеев қазір еңбек демалысында. Фельдшерден жұмысқа шыққаннан кейін анықтап, жауап береміз.
Осылайша істің анық-қанығы жедел жәрдем қызметкері еңбек демалысынан келгесін белгілі болмақ. Ал қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлі дәрігердің жұмыстан шығарылып, тиісті жазасын алуын талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!