Артур Ардавичус: Елге оралып, кінәсіз екенімді дәлелдеймін
Мемлекеттің ақшасын мақтаулы спортшы да май-шелпек көріпті. Әйгілі «Дакар» ралли жарысының жүлдегері Артур Ардавичус 800 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.
13.12.2019
«Astana Motorsports» командасының капитаны әрі директоры болған ол 2016-2017 жылдары Қазақстан автоспортын дамытуға бөлінген қыруар қаржынының бір бөлігін қалтасына басқан дейді жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіның өкілдері.
Белгілі автошабандоздың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізуге өтінім жолдағанда қажетті қаржыны әлдеқайда артық көрсеткені анықталған. Осындай жолмен ол 800 миллион теңгеден астам ақшаны қалтасына басыпты. Бұл қаражатты Ардавичус отандық және шетелдік компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
«Astana Motorsports» командасы халықаралық «Дакар» ралли-марафонының тұрақты қатысушысы. Ал күдікке ілінген капитан 2012 жылы жолсыз жерлермен жарыстан қола жүлде иеленген.
«Дакарда» Қазақстан намысын қорғап келген Артур Ардавичус қазір шетелде жүр. Оны тергеушілер түсініктеме беруге елге бірнеше рет шақырған. Бірақ сол күйі келмепті. Енді күдіктіге халықаралық іздеу жарияланбақ. Қашқынның қолында кеткен қаржының сомасы әлі де өсуі мүмкін дейді тергеушілер.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің айыптауына автошабандоздың өзі бірер сағат бұрын түсініктеме берді. Айтуынша, ол шақырту алмаған, айып та тағылмаған. Ардавичус шет елде жұмыс бабымен жүргенін айтады. Әрі кез келген қоңырауға жауап беремін дейді. Ол «Дакар-2020» біткен соң, елге оралып, өзімнің кінәсіздігімді дәлелдеймін деп отыр.
Артур Ардавичус:
- Тексерісті кім және қашан бастағаны маған белгісіз. Тергеу органдары менің қазір қайда екенімді жақсы біледі. Тергеушімен әрдайым байланыстамын. «Дакар2020» жарысынан шет қалмас үшін басқа елде жүргенімді растап, жазбаша түсініктеме бердім. Мен «Дакарға-2020-ға» еуропалық команданың негізгі автошабандозы ретінде қатысамын. Олармен келісім-шартқа отырғанмын. Бұл келісім-шарт айып тағылмай тұрып жасалған. Мен Қазақстан намысын қорғаймын. Ол үшін ел бюджетінен көк тиын ақша алған жоқпын, алмаймын да. Менің кәсіби шеберлігіме қарай келісім-шарт ұсынды. Мен оны қабыл алдым.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!