ЛРТ құрылысына бөлінген қыруар қаржыны жымқырғандар кім?
ЛРТ құрылысына бөлінген қыруар қаржыны қымқырғандардың аты атала бастады. Тізімнің басында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана ЛРТ» компаниясының басшысы Талғат Ардан тұр. Қашанғыдай, бұл екеуі де шетел асып үлгерген. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке халықаралық іздеу жариялаудан басқа шара жоқ. Айта кетсек, Сұлтанбеков ЛРТ-ның миллардтарын жеп болған соң, «Қазақстан инжиниринг» компаниясына ауысып, жемқорлық әрекетін сонда жалғастырған.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.12.2019
Қылмысы көп құрылыстың егжей-тегжейін астаналық тілшіміз айтып берсін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік миллиардтаған ақшаның ұшты-күйлі жоқ болуының сырын анықтапты. Бар былыққа сол кездегі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Астана LRT» компаниясының, оған қоса, тағы бірқатар жеке компания басшыларының қатысы бар болып шықты.
Жемқорлыққа қарсы ұлттық өкілдерінің айтуына қарасақ, бар бәленің басында сол кезде Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен сол кездегі «Астана ЛРТ-ны» басқарған Талғат Ардан тұр. Ол екеуіне шетелдік және қазақстандық компаниялар көмектескен. Осыдан екі жыл бұрын осы Сұлтанбеков әкім орынбасары қызметінен кейін «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясын басқарып отырып, сол жақта пара алғаны үшін ұсталған еді. Сол үшін былтыр 10 жылға сотталайын деп тұрған жерінен 2 миллиард теңгеден астам айыппұл төлеп, түрмеден құтылған. Сөйтіп сыбайласымен бірге шетел асып үлгерген.
Сұтанбеков пен Ардан өзара келісіп алып, бүкіл құрылысқа қажетті шығынды 24 миллиард теңге депті. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, кеңесші қызметін көрсету, техникалық бақылау шығындары – бәріне осынша қаржы керек дегенде, сол уақыттағы басқарма басшылары да қос қолдап қолдаған.
Сергей Перов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы:
- Ал құрылыспен айналысуы тиіс негізгі мердігер компаниялардың директорлары қосалқы мердігерлермен қымбат бағада келісім жасап, содан көрген пайдасын жалған кәсіпорындар арқылы қалталарына басып отырған. Бәрін қоса айтқанда, мемлекетті 5 миллиард теңгеден астам шығынға батырған.
Қазір аталмыш іспен қала әкімдігінің басшылық құрамынан 5 лауазымды тұлға, ал мердігер ұйымдардың 6 басшысы жауапқа тартылып жатыр. Олардың бесеуін күзетпен ұстап отырса, Сұлтанбеков, Ардан және мердігер компаниялардың бірінің басшысы Рахымбеков – үшеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Қалған үшеуі кінәсін мойындағандықтан қамауға алынбапты.
Ұсталғандардың бірі қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы Мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов екен. 58 жастағы депутат 2016 жылға дейін әкімдіктің Қаржы, сонымен бірге Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларын басқарған. ЛРТ құрылысының бағасы тым асыра көрсетілсе де, соны қолдап шыққандардың бірі сол болып шықты.
Жалпы, бүкіл тергеу шаралары айдың соңына дейін аяқталмақ. Ал LRT-ның қалған құрылысы мен Астана Банкіне салынған қаржыға қатысты Агенттік Ұлттық банк пен құрылыс сараптамасының қорытындысын күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!