Іздеу жарияланды! Педофил сабақтан шыққан бүлдіршінді пәтеріне дейін аңдып барған
Ақтөбеде тоғыз жасар қызды зорлаған педофил іздестіріліп жатыр. Қаскөй сабақтан шыққан 4-ші сынып оқушысын үй маңынан аңдып жүріп, алдап, пәтеріне кірген. Сөйтіп бүлдіршінді буындырып, ойына келгенін істепті. Қыздың қансырап, ессіз жатқан кезінде әкесі келген. Қазір сол үйдің маңындағы бейнебақылау камераларының бәрі тексерілуде. Әзірге күдікке 35-40 жастағы адам ілігіп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.12.2019
Сұмдық оқиға Ақтөбедегі вокзал маңындағы үйде болған. Қаскөйді анықтау үшін подъезге кіреберіс есіктен бастап, барлық жерден саусақ іздері алыныпты. Көршілерінің сөзінше, педофил сабақтан шыққан төртінші сынып оқушысын пәтеріне дейін аңдып барған. Алғашқыда есік қағып, телефонын қуаттап алуға ішке кіргізуін сұрапты. Ашпаған соң, екінші қайтара келіп, дәретханаға жіберуін өтінген көрінеді. Одан соң бүлдіршінді буындырып, ойына келгенін істеген. Қызды қансырап, есінен танып жатқан жерінен түскі асқа келген әкесі тауып алады.
Лидия Тажбенова, көршісі:
- Әкесі келгенде қылмыскерді ұстауға «үлгермей қалдым» дейді. Үйде домофон тұр. Бірақ кім болса сол подъезге кіріпшығып жүреді. Біздің ауданды бақылап жатқан ешкім жоқ. Қылмыстың бәрі осы маңда. Бұл сұмдық оқиғадан кейін ғана полицейлер үйді-үйді аралауға шықты. Айдың-күннің аманында өз шаңырағында бала өзін қауіпсіз сезіне алмауы деген масқара ғой.
Тәртіп сақшыларының педофилді іздегендеріне бір тәуліктен асты. Сол маңдағы бейнебақылау камераларын қарап шыққан. Таспаға түскен күдікті әзірге осы.
Полиция қызметкерлерімен кәмілетке толмаған балаға қатысты ауыр қылмыс жасаған күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Оқушы сабақтан соң үйіне дейін құрбыларымен бірге жеткен. Оны ересектерді күтпей, жалғыз қайтуына ата-анасы рұқсат берген дейді мұғалімдер.
Гүлшарат Қауысова, мектеп директорының орынбасары:
- Ата-ана қолхаты бойынша жақын жердегі оқушылардың үлкен сыныптағы ағалары алып кетеді. «Жібере аламыз» деген ата-аналардың қолхаты болса, жіберуге рұқсат беріледі.
Жәбір көрген оқушы қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр. Оған ота жасалыпты. Дәрігерлер жағдайы жақсы, бірақ қатты шошып қалғанын айтады. Сондықтан онымен психолог мамандар жұмыс істеуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!