Сүйіктісінің ұлын өлтірген күдікті сотта сөзінен тайқыды
Қарағанды соты үш жасар Максим Ғарифуллинді өлтірген күдіктінің ісін қарап жатыр. Бұрынғы сүйіктісінің жалғыз ұлын өлтірді деп қамауға алынған Игентай Сопыжанов тергеу кезінде қылмысты мойындаса, енді сотта «қысым көрген соң, амалсыз мойныма алдым» деп отыр.
Автор: Бек Әбиев
18.12.2019
Игентай Сопыжанов, сотталушы:
- Полицейлерден жанжақты қысым көрдім. Бетперде киген олар мені ұрып-соғып мойындатты. Және де Ника Васильеваға қатысты тергеу жүргізуді сұраймын.
Ника Васильева деген 23 жасар күдіктінің бұрынғы сүйіктісі әрі марқұм үш жасар Максимнің анасы. Алайда әйелді нақты не үшін тергеу керектігін сотталушы түсіндіре алмады. Игентай Сопыжанов 2014 жылы сүйіктісінің әпкесін балталап өлтіргені үшін сотталған. Мерзімінен бұрын босап шыққан ол, туған ауылында біресе жанжал шығарып, біресе бала ғашығынан кешірім сұрап біраз уақыт босаға жағалаған екен. Ал қыркүйек айының басында нақсүйерінің үш жасар ұлы Максимді алып қашып кеткен. Кейін қабырғалары сынып, басы жарылып, өкпесі езілген сәбидің денесі табылды. Енді оның тағдырын алқа билер шешетін болады. Ал, туған ұлын бұрынғы жігіті өлтіргеніне сенімді Ника Васильева, Сопыжанов «барынша қатаң жазалансын» деп талап етіп отыр.
Ника Васильева, жәбірленуші:
- Ол түрмеден босап шыққан соң маған келгіштеп жүрді. Екі ай жалынып, өзінің кінәлі еместігін айтқан соң, сенгендей болғам. Арты мынадай сұмдыққа әкелді. Өзіме де обал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!