Алғабас! Қисайған үйдің тұрғындары қыс бой кісі босағасын жағалауы мүмкін
Алматыда атышулы Алғабас ықшамауданындағы қисайған үйдің тұрғындары әлі көшіп біте алмай жатыр. Қыстың көзі қырауда жалдамалы пәтер табу қиынға соғып жатыр екен. Әсіресе көп балалы отбасылар қауіпті үйде қалып отыр. Өйткені жалға берушілер бала-шағасының санын естіген бойда телефон тұтқасын тастай салатын көрінеді. Одан қалды, баспана құнын да өсіріп жіберіпті. Делдалдар да ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып жатқанға ұқсайды.
Автор: Аруна Ортай
18.12.2019
Айдың, күннің аманында үйінен безуге мәжбүр азаматтардың күйін КТК тілшісі біліп келді.
Әдетте бала-шаға күлкісінен құлақ тұнатын аулада төрт күннен бері жүк көліктерінің гүрілі үзілмей тұр. Қисайған үйі «құлап кете ме?» деп қорыққан жұрт өз күшімен бас сауғалап кетіп жатыр. Бірақ бәрі бірдей емес. Әсіресе, көпбалалы отбасылар көшке ілесе алмай қор боп отыр.
Арайлым Сүйінбайқызы:
- Пәтер іздеумен болып жатырмыз. Міне, төрт күн, демалыс күннен бері әлі пәтер тапқан жоқпыз. Себебі, бес баламен ешкім бізге пәтер бермейді. Қанша хабарласамыз. Осы Алғабастың ішінен де табылғанның өзінде ақшасын көтеріп алған. Төртбес баласы барлар ғана қалды ғой. Ешкім пәтер әлі тапқан жоқ.
Көбі бала-шағасының санын естіген бойда телефон тұтқасын тастай салатын көрінеді. Жалға берушілердің жағымсыз қылығы мұнымен бітпейді екен. Клиент қисайған үйдің тұрғыны екенін білген бойда бағасын да аяқасты құбылтып жіберетін көрінеді. Жалдамалы үй қожайындары түгілі, риеелторлар да қонышынан басып қалуға тырысып жатыр.
Ақкүл Әбдіжанова:
- Риелторларға 30 мың бересіз. Одан кейін жалпы Алатау ауданы бойынша бағалар көтерілген. 120ға екі бөлмелі таптық. Соған барамын. Бүгін түнге қалмайын деп тұрмыз. Балашағамызбен түгел көшіп кетеміз.
Ал әкімдік тек жалдамалы пәтердің бағасын ғана өтеп береді. Оның өзінде, алдымен азаматтардың өзі төлеп, қожайынмен келісім-шартқа отыруы тиіс.
Оспановтар отбасы осыдан алты жарым жыл бұрын «Жас отбасы» бағдарламасымен осында пәтер алған. Онда тұңғыштары небәрі алты айлық екен. Қазір екі бірдей бала тәрбиелеп отыр. Өздерімен тек киім-кешегін ғана алып кетіп жатыр. Ал жиһаз үйде қалады.
Ойыншықтардың да біраз уақыт ойналмай жататын түрі бар. Өйткені қисайған үй батпақтың үстінде тұрғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, үйдің астындағы топырақты тексерген техника жерден тек лай шығарып жатыр. Одан қалды, көрші үйдің де қабырғасынан жырақтар пайда бола бастапты.
Жайық Қабатов:
- Бізді де көшіре м, сондай бір шешімге келеді деген ойдамыз. Фундаменті үш үйге бірдей салынған. Топырағы да бірдей. Бір жерден кеткен су, ол таралады ғой, әр үйдің асты сондай.
Қалай дегенменқисайған үйдің тұрғындары қыс бой кісі босағасын жағалап жүруі мүмкін. Өйткені сараптама қорытындысы дайын емес. Яғни, үйдің апатты, не апатты еместігін әкімдіктің өзі дөп басып айта алмай отыр. Дегенмен бастапқыда «қауіп жоқ, үй тек 1 сантиметрге ғана қисайды» деген шенеуніктер тұрғындардың үш айға пәтер жалдауына ақша бөлінгенін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!