Мысырда елші қызметкерінің қазасына қатысты ақпаратты министрлік жоққа шығарды
Мысырда қайтыс болған Қазақстан елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың қолы ешқандай да байлаулы болмаған. Сыртқы істер министрлігі маманның қазасына қатысты таралған ақпараттарды жоққа шығарды. Бүгінде Мысыр құзырлы органдары сот-медициналық сараптамасын аяқтаған. Алайда, нәтижесі әлі де белгісіз. Ал марқұмның туысқандары құпия қаза жабулы қазан күйінде қалмаса екен дейді. Жұмбағы көп оқыс оқиға жайлы КТК тілшісі.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
18.12.2019
«13 желтоқсанда Египеттегі Қазақстан елшілігінің екінші хатшысы Еламан Жолдасовтың денесін жұбайы өзінің пәтер есігі алдында тауыпты. Қолдары байлаулы. Арқасы мен денесі кір, қанаған. Демек, оны жер бетімен сүйреген». Осылай деп әлеуметтік желілерде таралған мәліметтер жалған болып шықты.
Шынтуайтына келгенде, Еламан Жолдасов өзі тұратын үйдегі баспалдақ жанынан өлі күйінде табылыпты. «Ешқандай да қол-аяғы байлаулы болмады», - дейді Сыртқы істер министрлігінің өкілі. Алғашқы сыртқы тексеру кезінде денесіне еш зақым келтірілмегені анықталған.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Оны тапқан кезде мойны жіппен оралып, баспалдақ таянышына асылып тұрған. Алғашқы сыртқы тексеру кезінде денеде қандай да бір зақым, көгерулер болған жоқ. Қолаяғы байланбаған. Оны оқиға орнында жасалған фото-видео материалдар дәлелдейді. Әрине, тергеу мүддесіне байланысты қазір бұл материалдар жарияланбайды. Сондай-ақ, марқұмның қол-аяғы бос екенін оны бірінші тапқан Еламанның жұбайы да дәлелдейді.
«Еламан Жолдасовтың инвесторлармен кездесуі туралы ақпар да жалған», - дейді министрлік өкілі. Өйткені ол Қазақстан елшілігінде мәдени мәселелер жөніндегі маман болып жұмыс істеген. Оның құзырына инвесторлармен кездесу міндеті кірмейді.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Жолдасов Еламанның құзырына мәдени мәселелер кіреді. Ешқандай инвесторлармен кездесуі мүмкін емес.
Ал марқұмның туыстары қазір қайғыдан қан жұтып отыр. Еламанның анасы төсек тартып жатыр екен. Ағайын-жұрты әлі де оның қазасына сенгісі жоқ. Оқиға жабулы қазан күйінде қалмаса екен деп отыр. Мысыр да, Қазақстан тарапы да әділ шешім шығаратынына үмітті.
Нәзипа Өсербаева, марқұмның жеңгесі:
- Қалай ойлайсыздар, биіктен құламаса, өзін асқан жағдайда биікте болуы керек. Ол жердегі баспалдықтың ең төменгі сатысында. Байлаулы. Жіп өте жаңа болған дейді. Пайдаланылмаған жіп.
Нұрлан Жолдасов, марқұмның ағасы:
- Өтініштерім бар. Өйткені, менің інімді Египет тарапы болсын, Қазақстаннан барған мамандар әділ шешім шығарса деймін. Талабым сол. Бұрмалау болмасын. Өзінеөзі қол жұмсады деген мен ініме 100 пайыз сенемін. Білімді адам, діндар адам. Ондайға бармайды.
Еламанның жеңгесі қазақстандық тараптың бүгінгі күнге дейін қазаларына ортақтаспағанына қапалы. Елі үшін шет жақта жүрген азаматқа шенеуніктер көңіл айтпаған көрінеді. «Біз мемлекеттен ештеңе сұрамаймыз. Тек апталдай азаматтың еңбегі еленбей қалды» деп көзіне жас алды Назипа Өсербаева.
Нәзипа Өсербаева, марқұмның жеңгесі:
- Судың да сұрауы бар. Неге олар бірауыз осындай азаматтан айырылдық, сізге көңіл айтамыз демеді? Біз мемлекеттен ешнәрсе сұрамаймыз.
Қазір Мысыр прокуратурасы қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Тергеуге қатысуға министрлік өкілдері Мысырға аттанған. Қазақстан елшілігінде мәдени мәселелер жөніндегі маман болып жұмыс істеген Еламан Жолдасовтың артында екі баласы мен аяғы ауыр жұбайы қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!