ҚМОБТ бас хормейстерінің қаржылық қитұрқылыққа қатысы болуы мүмкін
Қайта келгенімен, қошемет көрмеді! Абай атындағы опера және балет театрының жақында ғана сот шешімімен қызметіне қайта кіріскен бас хормейстерінің енді қаржылық қитұрқылыққа қатысы болуы мүмкін. Ұжымдастары осылай деп, Әлия Темірбековаға тағы қарсы шығып жатыр. Олардың айтуынша, бес жылдан бері әртістерге кәсіби шеберлігі үшін берілетін ақшаны хормейстер өз қалтасына басқан. Миллиондаған қаржының жымқырылғанын тіпті сотта дәлелдеуге дайын.
Автор: Әсем Қабылбек
20.12.2019
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы хор әртістері арасында тағы жік шықты. Тартыс жарты жылдан бері жалғасып келеді. 80 әртістің жартысы бас хормейстер Әлия Темірбекованы жақтаса, екіншісі оған қарсы. Осы жолы 20 адам Темірбекованың қаржылық қитұрқылық әрекетінен зардап шеккенін айтып отыр.
Көшерхан Ахметов, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының хор әртісі:
- Абай атындағы опера және балет театрында 20 жыл жұмыс істеймін. 2013 жылдан бастап, 2018ге дейін менің жалақымнан 25-30 мың сыйақы және актерлік шеберлік үшін берілетін ақшам желініп отырған. Мұны жеп отырған – Әлия Жанәбіловна Темірбекова, ол өзіне алып отырған. Енді осыны дәлелдеу үшін ол кісімен соттасуға дайынмын.
Темірбекованың өзі жақында сот шешімімен театрдың бас хормейстері қызметіне қайта кіріскен. Оған тағылған айып еңбек нормаларын сақтамау, яғни жұмысқа кешіккені үшін қызметінен қуылған болатын. Істі үш ай қараған судья оны ақтап шықты. Ал бұл жолы әріптестері Темірбекованың заңсыздықтары «сотта қаралмады» дейді.
Мырзатай Оспанов, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының хор әртісі:
- Бас хормейстер Темірбекова өзінің көмекшілері Майермен мен Қысықов Нұржанның «хор әртісі» мамандығы бойынша көп жылдан бері еңбекақы алып тұруына жол берген. Міне, осындай фактілері бар. Дәлелденген фактілері бар. Бірақ ешқандай шара қолданылмаған.
Хор әртістерінің жағдайы опера және балет театрының басшылығына мәлім. Тексерудің нәтижесін олар құзырлы ведомствоға өткізіпті.
Қанат Қаражанов, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары:
- Бізде қызметтік тексеріс жүргізіліп, бірнеше заңсыздық анықталғаны рас. Хор әртістеріне кәсіби шеберлігі үшін қосымша ақы беріледі. Сол ақшаны Әлия Темірбекова ешқандай бұйрықпен бекітпестен, өз қалтасына басқан. Әртістердің өздері бұл жағдайдан бейхабар.
Әзірге Мәдениет министрлігі оған қатысты ешқандай шешім шығаруға асығар емес. Түрлі айып тағылған бас хормейстердің өзі сұхбат беруден бас тартты. Ал қол астындағы әртістері Әлия Темірбекованың ісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жолдаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!