Алматыда тозығы жеткен емдеу орталығының қабырғасы қақырады
Алматыдағы республикалық психикалық денсаулық орталығы ғимаратының қабырғасы қақырады.
20.12.2019
Бүгін таңертең науқастар жатқан палатаның төбесіне жол бойындағы алып ағаш құлаған. Соның салдарынан бір қабатты ескі ғимараттың қабырғасы сөгіліп, онда емделіп жатқан 21 науқас пен мекеменің 11 қызметкер қауіпсіз жерге көшірілді. Төтенше жағдай туралы тиісті органдарға орталықтың медбикесі хабар берген. Дереу оқиға орнына келген құтқарушылар мен төтенше жағдай қызметкерлері құлаған ағашты бұталап алып кетті. Нысан осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қамыстан салыныпты. Сондықтан әбден тозығы жеткен. Қазір оның жарамдылығын тиісті мамандар тексеріп жатыр.
Николай Негай, Республикалық психикалық денсаулық орталығының директоры:
- Ғимарат өте ескі. Сейфуллин көшесінің бойындағы ағаш құлап, шатыры мен қабырғасына зақым келді. Зардап шеккендер жоқ. Науқастарды басқа палаталарға ауыстырдық. Қазір нысан жабық тұр. Мамандар қандай да бір шешімге келмейінше, ішке ешкімді кіргізбейміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!