Қайтыс болған дипломаттың жесірі өз болжамын айтты
Мысырда қайтыс болған дипломат өліміне елшіліктен алған қаражат себеп болуы мүмкін. Қазақстан Президенті мен құзырлы орган басшыларынан көмек сұрап бейнеүндеу жолдаған Еламан Жолдасовтың жесірі өзінің осындай болжамын айтты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
20.12.2019
Айнұр Молдабаева, Е. Жолдасовтың жесірі:
- Сұмдық оқиғадан соң, Қазақстанның Мысырдағы елшілік өкілдері Еламан Жолдасовқа PR шараларына берілген ақшаның жоқ болып кеткенін айтты. Бұл қомақты сома күйеуімнің мезгілсіз қаза болуына түрткі болуы мүмкін. Еламан – дінтанушы маман. Исламның барлық қағидасын біледі. Сондықтан оның өз-өзіне қол жұмсады дегені ақылға қонымсыз.
Айнұр Молдабаева бейнеүндеуде Еламанның болашаққа құрған жоспарларын, жүктелген жұмысты адал атқарғанын айтқан. Дипломат жуырда Бейбарыс Сұлтан мешітін салуға инвестиция тартыпты. Нұр-Мүбәрәк университетін Қазақстанға толықтай өткізу процесімен айналысқан. Марқұмның істерін тізген жұбайы биліктен осы өлімге қатысты тергеудің әділ, жариялы түрде жүргізілгенін сұрап отыр.
Еске салайық, 13 желтоқсанда Каирде Қазақстан елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасов белгісіз жағдайға қаза тапқан болатын. Оның өлі денесі үйінің алдында жатқан. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамамен Мысыр құзырлы орындары айналысуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!