{metadescription}
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы қалай өтті
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы қалай өтті

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы қалай өтті

«Бейбіт жиындар» туралы заң жобасы жасалды. Енді көшедегі шеруді ұйымдастырушы, қатысушы және бақылаушы дәрежелері бөлек-бөлек қаралмақ. Елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жаңалығын жеткізді. Өйткені қоғамға да, билікке де бейбіт шеруге басқаша қарайтын кез жетті дейді мемлекет басшысы. Шетелдік жұмысшылардың жалақыны көп алуы, латын қарпін енгізудегі түйткілдер сынды қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелердің талқысында біздің тілшіміз болып келді.

Тәуелсіздік сарайының кең залында құрылған дөңгелек үстелдің басында ел ішінде бедел жиған өңкей ығай мен сығай. Бүгін солар сөйлейтін күн. Әншейінде елдің алдын бермей жүретін министр, агенттік пен комитет басшылары соларға орын беріп, өздері арт жаққа жайғасқан. Тоқаев та, қоғам өкілдері де бір нәрсені анық түсінген: қазіргі қоғам ойын ашық білдіруге дағдыланды. Сондықтан билік бейбіт шеруден үрікпеуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қоғам үшін де, мемлекетке де митинг дегенге салиқалы түрде қарайтын уақыт жетті. Бірақ митингтің құқық қана емес, жауапкершілік екенін де ескеру керек. Биылғы президент жолдауын іске асыру барысында «Бейбіт жиындар» туралы заң жобасы жасалды.

Сол заңда митингілердегі «ұйымдастырушы», «қатысушы» және «бақылаушы» дәрежелері заң жүзінде айқындалады. Шеруге себеп болатын көп жәйттардың бірі – жалақының аздығы, әсіресе шетелдік жұмысшылардан кем төленуі. Президент те мәселені дөп басқан. Өткен айда тиісті орындар 95 компания тексерген екен. Сонда шетелдік жұмысшылардың атқарып отырған қызметіне білімі мен білігі сәйкес келмейтін жағдайларлы көп анықталыпты. Сондықтан бұл тұста заң қатаңдатылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Енді шетелден келетін жұмысшылар квотасы 49 мыңнан 29 мыңға қысқарады. Сондайақ, шетелдік қызметкерлер саны 30-дан асатын компаниялар тұрақты түрде тексеріліп отырады. Жалақылары жергілікті жұмысшылардан артық болса, дереу шара қолданылады.

Тағы бір саяси жаңалық, саяси партия құрғысы келгендер енді 40 мың қол жинап жүрмейді. Ол екі есе қысқарады. Қоғам атынан келген белсенді азаматтардың да айтары бар. Кеудесіне орденін жалтыратып тағып келген Мұхтар Тайжан жер қатынастарының ашық мониторингін жүргізу үшін үш айдан бері Жер ресурстары комитетіне бұйрық шығарта алмай жүр екен. 

Мұхтар Тайжан, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Бізде кейбір заңдар, өте күрделі заңдар, мысалы, бюджет туралы немесе салық кодексі туралы заңдар екі айдың ішінде Мәжіліске кіріп, талқыланып, қабылданып шығады. Ал мына кішігірім ғана бұйрық кішігірім Жер комитетінен бүгінге дейін шыққан жоқ.

Елдік мәселе сөз болатын жерде Тоқаев тіл тағдырын айтпай кете алмады. Латын қарпінің осыған дейін үш нұсқасы ұсынылса да, біреуі де толық көңілден шықпады. Осының бәрін қалтқысыз тыңдап отыру оңайға соқпаса керек, кейбірі жиынды әлеуметтік желісіне тікелей эфирмен таратып отырды. Ал біразы ішіндегісін айта алмай кетті.

Расул Жұмалы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Әрине, көңілдегі мәселелер өте көп. Жаңағыдай, қарыз мәселесі, экономиканың мұнай мен газға қарап қалуы, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі, жастар мәселесі, айта берсе, мәселе көп. Бірақ... Осындай популизмге салынбай, осы басымдықтардан бастайтын болсақ... Осы мәселелерді шешетін болсақ, жақсы негіз пайда болады.

Президенттің бұл жиынға үлкен көңіл бөлетіні белгілі. Себебі, Ұлттық кеңес Президенттің бастамасымен құрылған. Онда айтылған тапсырмалардың жерде қалмай сұрауы болатынын шенеуніктер де жақсы біледі. Әрбір сөзді мүлт жібермей, қағазына түртіп отырғаны да сондықтан.

Ұлттық кеңесте сөз болған атап өтерлік мәселелердің бірі – тілшілердің, яғни біздің қызметімізге қатысты. Тоқаевтың тапсырмасымен Қылмыстық кодекстің 130-бабы әкімшілік кодекске ауыстырылатын болды. Яғни, журналист сөзінде қате жіберіп, жаза басса, түрмеге қамалмайды деген сөз. Осылайша, бүтін бір ұлттың сенімін арқалаған елуге жуық адамның келелі отырысы айналасы бір сағаттың ішінде аяқталды.  Әдемілеп жасалған биік қабырға оларды жиын біткенше тілшілерден қалқалап тұрды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде