Интернетте көш бастап тұрған алаяқтықтың түрі
Жылжымайтын мүлік пен көлік сату туралы хабарландырулар интернет алаяқтығының көшін бастап тұр. Ал жалпы жалған ақпармен елді алдағандарға қатысты биыл жеті мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Бірақ соның тек мыңнан астамы ғана ашылған болып шықты.
Автор: Ербол Тұрымбет
23.12.2019
Тек жылжымайтын мүлік пен автокөлік саудасы және түрлі қызмет көрсетеміз деп алдайтындар бойынша биыл жыл басынан бері 4 жарым мың қылмыстық іс қозғалған. Бұлардан бөлек, азаматтардың жеке мәліметтерін ұрлап, оны өз пайдасына жарату, ақшасын бірнеше есе көбейтіп беремін деп алдарқату, сондай-ақ, жалған сайттар құру сынды құйтұрқылықтар интернет алаяқтарынан қалған іс екен. Соған байланысты Ішкі істер министрлігі жарнама немесе хабарландыру берушілердің міндетті түрде жеке куәлігін тексеріп, сатып алатын тауарына алдын ала көз жеткізіп алуға кеңес береді.
Рүстем Дүйсетаев, ҚР ІІМ киберқылмыспен күрес орталығы бастығының орынбасары:
- 388 адам ұсталды. Олардың 160ы 2 және одан да көп интернет алаяқтығын жасағандар болып отыр. Қылмыстың бұл түрі көп жағдайда трансшекаралық сипат алады. Яғни, зардап шеккен адам бір жақта, ал алаяқтың өзі басқа өңірде отырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!