Алматыда құрылысы біткен дайын үйге инженерлік жүйе тартылмай қаңырап тұр
Алматыда 700-ден астам отбасы өзіне тиесілі үйіне кіре алмай жүр. Мемлекеттік бағдарламамен алған пәтерлері бірнеше ай бұрын дайын болған. Десе де, әлі кілті қолына тимеген. Үйді салған компания құрылысты толық бітіргенімен, қосалқы мердігерлер үй ішіне тұрақты жарық пен су жүйесін жүргізбепті.
Автор: Салтанат Шырынхан
24.12.2019
Назерке Ахметжанова - банк арқылы ең көп қаржы құйғандардың бірі. Ол Шұғыла ықшамауданынан «Өз үйім» мемлекеттік бағдарламасымен пәтер алған. Бірақ күзде қоныс тойы тойлануы керек болған үйінің кілті әлі қолына тимей жатыр.
Назерке Ахметжанова:
- 50 пайызын құйдық. Оның өзі бізге күш болды. Себебі, 50 пайыз мысалы, 5, 6, 7 миллион шығып тұр. Оның барлығын туыстуғандардан жинадық, арамызда несие алғандар да бар, осы алғашқы жарнаны құю үшін. Әзірге жалдамалы үйде тұрып жатырмыз.
Баспаналы болуға тірнектеп ақша жинаған пәтер иелері сергелдеңге салған қай серіктес өкілдері екенін біле алмай әлек. Бұған қоса, дайын тұрған үйіне иелік ете алмай отырғандарына ашулы. Олар тіпті баспананың алғашқы жарнасынан бөлек, бірінші айының да несиесін төлегенін айтады.
Ботагөз Ақыш:
- Осы жасымызға келгенде мемлекеттік бағдарламамен үй алдық. Әлі күнге дейін қолымызға кілтіміз тимей, кілт беретін адамды әлі таппай жүрміз. Бұл қай уақытқа дейін созылады, білмеймін.
Салымшылар ай сайын мердігер компанияның табалдырығын тоздырумен жүр. Ал ондағылардың жұрт айтқан айыптауға қатысты уәжі дайын. Олар өздеріне тапсырылған құрылыс жұмыстарының әлдеқашан аяқталғанын айтады. Ал үй ішіне жүргізілетін инженерлік желілерге «басқа ұйымдар жауапты» дейді.
Нұрлан Сембиев, «Тимус Construction» компаниясының басқарушы директоры:
- 11 үйдің құрылысын биыл шілде айында аяқтадық. Бірақ үлескерлерді үйіне әлі кіргізе алмай отырмыз. Өйткені тұрақты жарық пен су жүйелері тартылмағандықтан, ғимарат пайдалануға толық дайын емес. Бұған кезінде тендер жеңіп алған қосалқы мердігерлер мен әкімдік жауапты.
Үйлердің құрылыс жұмыстары үш жыл бұрын басталған. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық үй пайдалануға беріліп, ал 11 үйге тұрғындар әлі қоныстанған жоқ. Әкімдіктегілер мәселені шешуге уәде берді. Бірақ салымшылардың жаңа баспанаға қашан қоныс аударары әзірге белгісіз. Ашынған халық жақын арада жаңа пәтерінің кілті қолына тимесе, қалалық прокуратураға шағымданатынын жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!