Батут иелеріне қатысты сотта ақ пен қара ажыратылды
Қарағандыда бір баланы басып өлтіріп, екіншісін жарақаттаған батут қожайындары сотталды. Бұрынғы өрт сөндіруші Ерлан Тәкішев 5, жұбайы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен Әлия Тәкішеваның жазасын өтеу уақыты кейінге шегерілді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
24.12.2019
Ол қызы 14 жасқа толғанда, яғни бес жылдан кейін түрмеге қамалады. Ерлі-зайыптылар орталық саябаққа батутты заңсыз кіргізген. Әрі оны жерге мықтылап орнатпапты. Соның салдарынан оны жел төңкеріп кетті. Тіпті олардың басқа адамның атына жазылған жеке кәсіпкерлік құжаты бойынша жұмыс істегені әшкере болды.
Сот үкімімен Тәкішевтер отбасы зардап шеккендерге 8 жарым миллион теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Ерлан Тәкішев аталмыш оқиғаға дейін Абай қаласы өрт сөндіру бөлімінің бастығы болған.
Естеріңізге салсақ, мамырдың 25-і күні орталық саябақта жел құлатқан батуттың астында балалар басылып қалған-ды. Оның астынан 12 жастағы Борис Рудаков тірі шықпады. Ал батут аударған дүңгіршектің астында қалған 15 жастағы Исатай Аманқұлов мүгедек болып қалды.
Марина Киреева, марқұм Б. Рудаковтың:
- Ең бастысы, олар кінәсін ақыры мойындады. Алғашында «ақпыз» деп азарбезер болған. Ауа райын да кінәлады. Сот ақ-қараны ажыратып берді. Ал моральдық шығын маған маңызды емес. Одан балам тіріліп келмейді. Бастысы, жазасын алғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!