Шымкент: Алып қашқан қыздың анасы полицияға арыз жазды
Үйленемін деп, үйдей бәлеге қалды. Арыс қаласында қыз алып қашқан жігіттің видеосы әлеуметтік желіге тарап, үлкен дау тудырып жатыр.
Автор: Бек Әбиев
24.12.2019
Үш жігіт қыздың қарсыласқанына қарамай, күштеп көлікке отырғызған. Тіпті араша түскендердің біреуін жігіттің жолдасы көтеріп жерге алып ұрды. Кейін белгілі болғандай, қыз алып қашу операциясы бірге оқыған сыныптастар арасында болған екен. Сыныптасының тойына барған қызды бірге оқыған жігіт достарымен алып қашқан. Бірақ той болмайтын сияқты. Өйткені қыздың анасы полицияға арыз жазды.
Салтанат Қаракөзова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Арыс аудандық полиция бөліміне жәбірленушінің анасы арызданды. Ол кісінің арызы Арыс аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Қазір тергеушілермен ҚР ҚКтің 125 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Негізінде жәбірленуші мен күдікті азамат бір-бірімен сыныптас болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!