ЭКСПО-2020: Тоғыз миллиардтық павильон өзін қалай ақтайды
Тоғыз миллиард теңгеге салынатын қазақстандық павильон өзін бірнеше есе ақтайды. Қаржы министрінің есебі осындай. Әлихан Смайылов Дубайда өтетін ЭКСПО-2020 шарасында Қазақстан салатын павильондардың не себепті қазына қаржысы жұмсалатынын түсіндірді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.12.2019
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі:
- Бұл 22 миллион долларды жаңа өндірістік нысандар салу, жаңа жұмыс орындарын құру және салық есебінен қайтарамыз. Ақша сол үшін де бөлінді. Бүкіләлемдік көрмеге қатысуымыз өте маңызды. Ұлттық павильонды әлемнің түкпіртүкпірінен келген инвесторлар аралайды. Сол арқылы елімізге инвестиция тартамыз.
Павильонның құрылысы мен жұмысына бөлінген қаржы 8 миллиард 800 миллион теңге. Монако, Швейцария және Люксембургтің эскпозицияларымен қатар орналасатын ұлттық павильонға ең үлкен – үш жарым мың шаршы метр аумақ таңдапты. Министр Смайылов бұл елімізге әлеуетті инвесторларды тартуға мүмкіндік береді деп сеніп отыр.
Араб әмірлігінде көрме қазан айында басталады. Жарты жыл өтетін шараға 192 ел қатысады. Ал 15 мың шаршы метрлі ең үлкен павильон халықаралық шараның иесіне тиесілі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!