Ішкі істер министрі облыс әкімдерін жағдайды бақылауға шақырды
Ақтүтек бораннан ажал құшқандар! Соңғы бір аптада қыстың қытымыр мінезінен республика жолдарында жүзден аса көлік апаты тіркеліп, 39 адам опат болған. 158 жолаушы түрлі жарақат алды. Боранға байланысты ел аумағында 57 жерде жол жабылса да, жүргізушілер жолға шығуын доғарар емес.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
24.12.2019
Ауа температурасының күрт жылынуы көктайғаққа ұласып, тұман мен қар аралас жауын-шашын жағдайды ушықтыра түскен. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың дерегінше, 11 облыста республикалық және жергілікті маңызы бар 75 мың шақырым жол жабылған. Қар құсауынан барлығы 120 көлік пен 905 адам қауіпсіз аумаққа көшіріліпті. Министрдің сөзінше, бір апта бойы Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында жағдай ушыққан. «Қазір қажетті техника мен адам ресурстары жеткілікті деңгейде жұмылдырылды», - дейді министр.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, сегіз облыста жағдай әлі тұрақсыз. Олар: Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысы. Осыған орай облыс әкімдерін жағдайды бақылауға алып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірге күш жұмсауға шақырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!