Бердібек Сапарбаев алимент төлеудің ерекше ұсынысына пікір білдірді
Әділет министрі Марат Бекетаевтың безбүйрек әкелерге алимент төлетудің жолын көрсеткен ерекше ұсынысына Премьер-министрдің орынбасары пікір білдірді. Бердібек Сапарбаев бұл жерде министр заңға сүйенуі керек деп отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
25.12.2019
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Әділет министрлігі заңға сәйкес айту керек. Бірақ, бұл жерде үлкен мәселе бар. Өкінішке қарай, көптеген қазақстандықтар алдайды, жасырынады. Өз балашағасына ақша төлемейді. Қазір құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Соларды тауып, міндеттеп, алименттерін төлейді.
Бұдан бұрын Әділет министрі алимент өндірудің жаңа түрін ойлап тауып, жар салған болатын. «Безбүйрек әкелердің қарызын енді ата-әжелеріне төлету жолын қарастыру керек» деген Марат Бекетаев мұндай тәжірибені Италиядан үйренгенін алға тартты. Құзырлы министрлік осындай жолмен елімізде күн санап қатары артқан алимент төлемейтіндердің «санын қысқартамыз» деді. Алайда Бекетаевтың байламы қоғамда түрлі қарсылық туғызды. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әріптесінің мұндай бастамасынан мүлдем бейхабар болып шықты.
Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Әділет министрінің ұсынысымен мен таныс емеспін. Мен тағы да айтамын, ол басқа мемлекеттік орган. Сондықтан мен айтып жатырмын, оны енді басқа туысқанынан «өтеу керек пе, керек емес пе» деген маған нақты, анық нәрсе деп ойламаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!