{metadescription}
Елордада қар тазалау мен қар шығару қызметі дағдарысқа тірелді
Елордада қар тазалау мен қар шығару қызметі дағдарысқа тірелді

Елордада қар тазалау мен қар шығару қызметі дағдарысқа тірелді

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы қар құрсауында қалды. Ғарышты игерумен айналысатын еліміздің маңдайалды мекемелерінің бірі отыратын жердің айналасын қар тазалаушы қар төгетін орынға айналдырып жіберген. Жұмысына емін-еркін кіріп-шығудан қалған компания қызметкерлері амалсыз тиісті орындарға шағымданып жатыр. Қаланың қарапайым тұрғындары да көше қардан тазаланбайды деп налиды. Күртік қармен күреске түскен елорданың жағдайын тілшіміз айтады.

Қаланың көркін келтіріп тұрған «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының ғимараты қазір сырттан көзге шалынбайды. Тау-тау боп үйілген қар әдемі көріністі жауып тастаған. Лег-легімен келіп жатқан жүк көліктерінің үстіндегі қар одан да көп. Үйілген қардың құрсауы былай тұрсын, ашық алаңқай жерде компания қызметкерлері кептелісте тұратын болыпты.

Әсетай Оразалин, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының қызметкері:

- Мына кішкентай аралықта көлік толып кеткен кезде 1520 минуттай жүріп қаламыз. Бір сағаттың ішінде, жоқ дегенде, 50 шақты машина санап шығамыз. Жоқ дегенде, 500 машина төгіледі тәулігіне. Сондықтан қар, қоқыс. Ертең қар ерігенде бұл жер қоқыс болады.

Олар жүргізушілермен қырғиқабақ. Ал қар тасып жүрген кісілердің бұдан басқа амалы жоқ.

Дамир Әбдірахманов, жүк көлігінің жүргізушісі: 

- Мұнда бір сағат, жарты сағаттай тұрамыз.

- Бұл жерге қар әкеліп төгуді сіздерге кім тапсырды?

- Жалдап алғандар. Әкімдік, «Тазалық».

Күртік қармен әлекке түсіп жатқан олар ғана емес. Тілшілерді көрген қала тұрғындары да шағымдарын камерамызға айтып қалып жатыр.

- Сол жағалауда жақсы тазалайды да. Бірақ, ялдамада не болады ғой, міне, аналарға арналған, қиналып кетесің...

- Автобустың маңайында, мына балалар арбасымен жүреді, сол жерлерде қиын болып тұр. Ана біз жақта балабақшалар бар, сол жақта қиын. Өз көзімізбен көріп жүрміз.

- Жүргізушілерге ауыр.

- Несі ауыр?

- Уақытында тартпаған соң жүре алмайды. Таңертеңдері көбіне тұрады. Құм себеді, одан пайда жоқ.  

Енді болмағанда халықаралық әуежай да омбы қардың кесіріне тап болуға шақ қалған. Айналасы төрт күнде әуежай аумағынан бес мың текше метр қар шығарылыпты. Сол үшін бүкіл техника мен жұмысшы тоқтамай жұмыс істеген.

Бес мың текше метр деген шамамен 250 жүк көлігіне татитын қар. Неше күн бойы жапалақтап жауған қар бүгін ғана тоқтағанымен, әуежай аумағында қар тазалау жұмысы әлі де қызу жалғасып жатыр. Техникалар күшейтілген режимге көшкен.

Қала ішінде қар тазаламай полицияның көзіне түскен пәтер иелері кооперативтері мен басқа да мердігер ұйымдар бүгінде бас-басына айыппұл арқалап үлгерген.

Ғабидолла Қамбаров, Есіл аудандық жергілікті полиция бөлімінің бастығы:

- 50ден астам қызмет көрсетуші компаниялар, яғни КСК тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 50ден астам осындай мекемелерге айыппұл салынды, ол 1 миллионнан астам. Сонымен қатар мердігер ұйымдарға да бірқатар айыппұл салынды.

100 мыңдап айыппұл төлеуге мәжбүр болған қызмет көрсетуші ұйымдар енді не істерін білмей дағдарып отыр. Қар шығару қызметіне әр тұрғыннан алатын ақысы 25-30 теңге.

Антонина Тацей, ПИК төрайымы:

- Үйдің сыртқы аумағы бес метр. Оны тазалап, қарды сыртқа қарай лақтырсақ, айыппұл салады. Жүрер жолымызды тазалап, қар күресек те айыпппұл салады. Тірнектеп тапқан ақшамызды опырып кетеді. Одан да ескерту жасаса дұрыс еді. Амалсыз ол ақшаны өз қалтамыздан емес, тұрғындардың қалтасынан төлейміз. 

Жалпы, жыл басынан бері 191 мердігерге әкімшілік шара қолданылып, 12 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты. Ал ұлттық компанияны қар құрсауынан құтқаруға әкімдік бұл полигонды бірер күндікте жапқалы отыр. Ендігі мәселе – жүргізушілер қарды қайда төгерін білмейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде