Ва-Банк! Борышкерлер жабылып банк тонады
Борышкерлер жабылып банк тонады! Осындай селк еткізетін сценарий желісімен бұрын-соңды болмаған комедия көрерменге жол тартты. «Ва-Банк» - Голливуд киноларынан асып түспесе, кем түспейтін туынды. Тек күлкі ғана емес, атыс-шабыс пен экшенге де толы. Айта кету керек, фильмдегі кейбір тұстар шынайы өмірден алынған. Несиесін өтей алмай, амалсыздан банк тонауға тәуекел еткендердің оқиғасы немен біткенін білгіңіз келсе, кинотеатрларға асығыңыз.
Автор: Аруна Ортай
26.12.2019
Марат банкте білдей бөлім басшысы. Топ-менеджердің өзі істейтін банкіне сенгендігі соншалықты, пәтер мен көлікке қомақты несие алады. Алайда, аяқасты жұмыстан қуылып, бір күнде тақырға отырады. Өзі кезінде басшы боп жүрген банкіне белшеден қарыз боп шыға келген ол кегін қайтаруды ойлайды.
Марат алған бетінен қайтпайды. Өзі секілді банктен зардап шеккендерді іздей бастайды. Банк тонауға бел буған бес кейіпкердің бәрі де оған қуана келіседі. Анау-мынау емес, банктің өзіне қарсы шыққан басты кейіпкердің рөлін Нышанбек Жұбанаев сомдаған. Кинода кек ұстағанымен, өмірде несие алуға белгілі актер кет әрі емес екен.
Нышанбек Жұбанаев, актер:
- Алсам ба деп жүрмін, үй алайын деп жатырмын. Несием жоқ, жолағым келмейді, алғым келмейді. Бұндай үлкен сомаға банкке кредитке бас тықпайақ қойыңыз, қазақ елі! Үш еселеп, он еселеп қайтаратынын білесіз, сондықтан жоламаңыздар. Болмаса мен сияқты Мараттың кейпіне еніп, осындай зардап көрмей-ақ қойыңыз.
Жанры комедия болғанымен, кинода атысатын, қауіпті тұстар жоқ емес. Сондай төбелестің бірінде басты кейіпкер жарақаттанып та қалады. Алайда жарасы жанына батқанына қарамастан, төбелесті жалғастырады. Жалпы, банк тонау туралы киноға түскісі келгендер көп болыпты. «Мен» деген небір танымал актерлер кастингке қатысқан. Бірақ бәрі бірдей өте алмағаны көрініп тұр. Себебі, рөлдегілердің көбі бұрын-соңды киноға түспегендер. Бірақ, өнері кәсіби актерлерден кем емес. Керісінше, асып түседі.
Ал фильм продюсері - Құралай Анарбекова. Оның өзі де банк тонаушылардың қатарында. Айтуынша, өздері туралы киноны түсіруге бірде-бір банктің ат салыспаған. Ғимаратты, ақша толы сейфті өздерінің табуларына тура келіпті.
Кұралай Анарбекова, продюсер:
- Жаңадан банк салдық, Әуезов театрында. Біз ойдан тауып істеген сценарийіміз жоқ, бәрі шынайы алынған заттар. Әр адамның өмірін ашып айтуға тырыстық. Өйткені әрбір адамның басында кредит бар. Әр адамның өз оқиғасы бар.
Ендеше банк тонаушылардың оқиғасы немен біткенін білгіңіз келсе, асығыңыз. «Ва-банк» комедиясы бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!