Алматыда жүйіткіген жеңіл көлік адам толы автобусқа соғылды
Жеңіл машина автобусты арыққа түсірді! Алматыда жүйіткіген жеңіл көлік жылдамдық пен ережені сақтамай қоғамдық көлікке соғысты. Қатты екпінге ауыр автобустың салмағы тосқауыл болмай, арыққа түсті.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.12.2019
Апат мегаполистің базарлары шоғырланған Розыбакиев көшесінің бойында болған. 27-ші бағыттағы автобус ауыр соққыдан ауып барып, арыққа қисайып тұрып қалған. Абыр-сабырда әбігерге түскен жолаушылардың бірсыпырасын өтіп бара жатқан жүргіншілер терезеден тартып алып шығарған. Ауыр жараланған бір азаматты жедел жәрдем қызметі алып кетті. Қалғандарының денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ал өз жолынан шығып, автобус жолағына түскен қара темір тұлпардың тұмсығы ғана майысқан. Қазір құзырлы органдар бұл оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Арман Райысов, автобус жүргізушісі:
- Оң жақтан жеңіл көлік жолағынан келіп, бұрылыс жасайын деді ме, соғылып, артқа итеріп жіберді. Ішінде адам толы болатын. Екі-үш адам аяқ-қолы ауырып, бетімен соғылып, жарақат алғандар бар. Оларға алғашқы көмек көрсетілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!