Ақтөбе: БМ72 жұмысшыларға жарты жыл бойы көк тиын төлемеген
Ақтөбеде жалақысын даулаған құрылыс компаниясының жұмысшылары облыс әкімдігінде шу шығарды. Олар аймақтағы мектеп, спорт кешені секілді әлеуметтік нысандарды салған. Бірақ жарты жылдан бері серіктестік бір тиын да төлемей қойыпты. Енді еңбекақыларын сұрай барған қызметкерлерінен қашып жүр. Шенеуніктер де мердігердің үстінен сотқа арыз түсірмекші екен. Себебі, ұтқан тендердің жұмысын аяқтамай қойған.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.12.2019
Айлығын даулаған құрылысшылар аудандардан жиналған. Олар Қарғалыда спорт кешенін тұрғызып, Байғанинде мектеп салыпты. Бірақ «БМ72» деп аталатын компания директоры бір тиын да төлемей қойған. «Күнде ертеңмен алдап келеді» - деп ашынады жұмысшылар.
Гауһар Ғалымжанова, жұмысшы:
- Кредитіміз бар. Балашағамыз бар. Жаңа жыл келе жатыр. Жаңа жылға тиын болсын деген үмітпен бардық. Еңбекақымызды ала алмай жүрміз. Жыларман болдық.
Зоя Махамбетова, жұмысшы:
- Бір тиын да алған жоқпыз. Жаңа жыл келе жатыр. Несиеміз, балашағамыз бар. Жұрттың бәріне қарыз болдық. Ауылдың өзіне де қарызбыз, дүкенге, азық-түлікке.
Құрылыс компаниясының директорына барғанымен, ол жалақысын даулаған жұмысшыларға ұстатар емес. Бүгін де кеңсесінен таба алмады. Ақырында ашынған жұмысшылар құрылысқа тапсырыс берген облыс әкімдігіне басып кірді. Шенеуніктер жұмысын тиянақты аяқтамаған компанияны «сотқа береміз» деп отыр.
Нұрлан Иманалин, Ақтөбе облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Заңсыз істелмеген жұмысқа мен ақша бере алмаймын. Түсіндіріп айттым. Бірақ өз тарапымыздан осы біздің шартымыз бойынша істемегені үшін сотқа құжаттар дайындап жатырмыз. Ол мекеменің заң бойынша лайықты емес екенін көрсетіп сотқа береміз.
«БМ72» компаниясының 150 жұмысшыға қарызы жиырма миллион теңгеден асады. Бірақ ол ақшаның қашан төленетіні әзірге белгісіз.Айлығын даулағандар еңбек инспекциясына арыз қалдырыпты. Енді ондағылар тексеруге кіріседі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!