Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілері заманауи, мобильді медициналық тексеруден өтті
Сапалы медицина – балалар үшін! Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін еліміздің ең мықты дәрігерлері медициналық тексеруден өткізді. «Дегдар» мен «Асар Береке» қорлары, Қазақ-Ресей медициналық университеті және балаларды қорғау комитеті бірге арнайы бағдарлама аясында жас буынның денсаулығын осылайша бақылауға алған. Жылжымалы медициналық кешен балалар үйіне осымен екінші мәрте келіп отыр.
Автор: Бек Әбиев
30.12.2019
Арыстағы балалар үйіне жылжымалы бекетпен келген медицина қызметкерлері әр балақайға көмек көрсетуге дайын. Мұнда көз, тіс дәрігерлерінен өзге еліміздің он шақты ең үздік деген жас мамандары жетті. Балалар үйінің әр тәрбиеленушісін жіті тексеріп шығып, денсаулық күтімі жайлы кеңестер берді. Балаларға бас-көз боп жүрген мекеменің ересектері де шет қалмады.
Нұболат Әбдиев, Т. Тәжібаев атындағы №1 Арыс балалар үйінің қызметкері:
- Бұл деген өте керемет болды. Біз күні бойы жұмыстамыз. Дәрігерге баруға бізде уақыт жоқ. Мына жерде бәрі керемет. Балалар да, қызметкерлер де қаралып жатыр.
Балалардың денсаулығын бақылаудың жаңа форматы тура 10 жыл бұрын енгізілген еді. Яғни, 2009 жылы «Дегдар» мен «Асар Береке» қорларының бастамасын Қазақстан-Ресей медициналық университеті, Денсаулық сақтау мен Білім министрліктері қолдап, өзара келісім жасалған болатын. Осы уақыт ішінде 83 балалар үйінің тәрбиеленушілері тексерілді. Мысал үшін, соңғы бір жыл ішінде 5 мыңға жуық бала медициналық бақылаудан өтті.
Лаура Ахметова, «Дегдар» гуманитарлық қорының директоры:
- Әрине, бұл деген үлкен жұмыс. Қаншама кәсіби дәрігер мен педагогтардың үлкен жұмысының жемісі. Кей жағдайда бір жолғы қол ұшын беріп жатамыз. Ал, балалардың денсаулығын кешенді тексеріп, үздіксіз назарда ұстау деген өте маңызды да жауапты жұмыс.
Жүйелі тексеру әр тәрбиеленушінің жас күнінен бастап саулығын арнайы картаға түсіріп отыруға мүмкіндік береді. Яғни, ағзадағы титтей де өзгеріс бірден білініп отырады. Ұйымдастырушылардың да көздегені осы. Ендігі мақсат – балалар үйін ғана емес, елдегі жалпы өскелең ұрпақтың денсаулығын бақылауда ұстау.
Бибігүл Асанова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Аталмыш жобаны жалпы ел көлемінде жүргізу аса маңызды деп санаймын. Бізде қазір 6 миллионға жуық оқушы бар. Яғни, олардың саулығын жас күнінен жіті тексеру арқылы тек ұтатынымыз анық. Сондықтан бұл жобаны жалпылама жүргізу білім министрлігінен бөлек денсаулық сақтау жүйесіне де аса тиімді болатыны сөзсіз.
Жас та болса тәжірибелі дәрігерлер тобынына баршаға сапалы да қолжетімді медициналық көмек көрсету аса маңызды. Сондықтан, заманауи мобильді құрылғымен жасақталған жылжымалы кешенді бекет Арыстан шығып, өзге аймақтарға беттеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!