Алматы әуежайының маңындағы жерлерді әкімдіктегілер оңды-солды сата берген
Әуежай маңындағы құрылысқа жергілікті билік көз жұма қараған. Мұны Алматы халықаралық әуежайының басшылығы да «талайдан бері айтып жүрміз» дейді. Өйткені заң бойынша стратегиялық нысанға 4 шақырым қашықтықта қандай да бір нысан салу үшін арнайы органнан рұқсат сұрау керек. Бірақ облыс әкімдігі ережені елеп-ескермейтін көрінеді. Сондықтан ұшақ соғылып, баспанасы қираған үй иесінің өтемақы алмауы да бек мүмкін.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
30.12.2019
Қазір ұшақ құлаған аймақ қоршауға алынған. Апат ошағында абыр-сабыр әлі басылар емес. Құтқарушылар әуе кемесінің бөлшектерін жинап бітпепті. Гүлдала ауылының тұрғындарынан да үш күннен бері маза кеткен. Ал Bek Air ұшағы құлаған үйдің иесі Ришат Қалибек апат ошағына баруға «жүрегім дауаламайды» дейді. Оған әкімдіктегілер сау тамтығы қалмай қирандыға айналған үйдің шығынын «өтеп береміз» деп сендіріпті. Ришат баспана құжаттарын әлі рәсімдемеп үлгермесе де, өтемақыдан үмітті.
Ришат Қалибек, үй иесі:
- «Бәрін бітіреміз, жақсы болады» деп айтты маған. «Төлеп береміз» деп отыр. Мен артық ақша сұрап отырған жоқпын. Үйге кеткен шығынды төлеп берсе, болды. Үй заңды. Нотариустан өткен. «Бек Эйрдің» үстінен арыз да бердім.
Алайда үй иесіне өтемақы берілуін арнайы комиссия шешеді. Осы орайда Алматы халықаралық әуежайының өкілдері облыс әкімдігіне өкпе-реніштерін жеткізді. Олардың айтуынша, стратегиялық нысанның маңындағы жерлерді әкімдіктегілер оңды-солды сата берген.
Өйткені заң бойынша ұшып-қону жолағынан төрт шақырым радиуста қандай да бір нысан салуға арнайы рұқсат керек. Ал жер кодексінде әуежайға үш шақырымға дейін тұрғын үй, егістік, мал шаруашылығы немесе қоқыс алаңы болмауы тиіс. «Бұл маңдағы 150 гектар ауыл шаруашылық мақсатында жекеменшік қолына өткендіктен, келеңсіздікпен күресуге дəрмен жоқ», - дейді əуежай басшылығы.
Ерлан Досмағамбетов, Алматы халықаралық әуежайы аэродром қызметі басшының орынбасары:
- Біз қала, облыс әкімдігіне талаптарды түсіндіргенбіз. Құрылыс бастамас бұрын бізден және арнайы органнан рұқсат сұрау керек. Бірақ әзірге нәтиже шамалы болып тұр. Ауыл шаруашылық мақсатында алынған жерлерге үйлер үстіүстіне салынып жатыр. Оларға тыйым салу біздің құзіретімізде емес.
Әуежай басшылығы ұшақ соғылған үй былай тұрсын, бүтін бір Гүлдала ауылындағы жерлер «заңсыз сатылған» деп отыр. Ал Алматы облысының әкімдігі әуежай маңындағы жер учаскілеріне қатысты жарытып жауап бере алмады. Барлық мәліметті тек арнайы құрылған комиссияға тапсырамыз дейді.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Халықаралық тәжірибеге сай, әуе кемелерімен болған апатты арнайы мемлекетаралық ұйымдар тексереді. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия да құрылды. Ол комиссияның жұмысына қажетті құжаттарды дайындау туралы облыс әкімдігіне тапсырма берілді. Құжаттар дайындалып жатыр.
Әуежай маңында түтін түтетіп отырған тұрғындар үрей құшағында өмір сүріп жатқанын айтады. Халық амалдың жоқтығынан қала сыртынан арзан жер алып, жаппай үй соғыпты. Бірақ жер учаскілерінің қаншалықты заңды сатылғанынан бейхабар. Олардың қатарында ұшақ соғылған үйдің иесі де бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!