Ұшақ апаты: Өтемақының көлемі мен науқастардың жағдайы
Ұшақ апатында жақындарын жоғалтқандардың бәріне өтемақы төленбейді. Сақтандыру компаниясындағылар асыраушысынан айырылғандар ғана тізімге ілінетінін айтады. Сонымен қатар, мүгедек болып қалғандардың өзіне берілетін төлем түрлі санатқа бөлінген. Өтемақының көлемі мен ұшақ апатынан ауруханаға түскен науқастардың хәл-жағдайы қандай?
Автор: Асқарбек Қазанғап
30.12.2019
Ескі жылдың соңғы жексенбісін Алматы әкімі ауруханада өткізді. Ұшақ апатынан зардап шеккен балаларға келуін көбісі күтпегендей. Ақ сақалды болмаса да, ақ халатты атаның қолынан сыйлық алу оларды бір сәтке болсын сол қаралы, қорқынышты күннің үрейінен алыстатқандай.
Ойыншық енді бүлдіршіндерге жұбаныш болмас. Өйткені олар ойындағы емес, шынай өмірдегі қорқынышты сәттен періштелері қағып аман қалды. Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында қазір 9 бала ем қабыдап жатыр. Екеуіне операция жасалған. Қалғандарының денсаулығы қалыпты.
Абай Құсайынов, Балаларға шұғыл медицианалық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:
- Оның алтауы реанимация бөлімшесіне түскен болатын, жағдайларының аурулығына байланысты. Кешегі күні ол балалардың алтауы да жарақат бөліміне ауыстырылды. Түнді балалардың бәрі жақсы өткізді. Дене қызулары жоғарылған жоқ.
Медициналық мекемелерде қазір балалармен қосқанда 46 науқас жатыр. Ұшақ апатынан зардап шеккен бір азаматтың жағдайы ауыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов олардың бәрі тікелей бақылауында екенін жеткізді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бір нақастың жағдайы өте қауіпті. Алматы облыстық ауруханада жатыр. Кеше арнайы мамандар қосымша НұрСұлтаннан барып көрді. Қайтыс болған азаматтарға бүгін біз Үкімет қаулысын қабылдадық, президенттің тапсырмасы бойынша 4 миллион теңге бөлінеді.
Бұл үкіметтің бөлген өтемақысы. Ал одан бөлек опатта опат болғандар мен зардап шеккендердің өтемақасына «Аманат» сақтандыру компаниясы жауапты. Олар жолаушылардың алдындағы жауапкершілік тармағы бойынша өтемақы төлеуге міндетті. Қанша мөлшерде ақшадан тағайындалатынын компания өкілдері жариялады.
Раушан Шәріпова, Сақтандыру компаниясының бөлім басшысы:
- Мүгедектік бойынша бірінші топқа 5000 МРП, екінші топқа 3500 МРП, үшінші топқа 2500 МРП төленеді. Егер балалары мүгедек болып қалса, оларға 5000 МРП төленеді. Қол жүктері, багаж бойынша 250 МРП дейінгі ақы төленеді.
Бірақ, бір гәп бар. Өтемақы тек асыраушысынан айырылғандар мен мүгедектерге төленеді. Ал қалғандарына қарастырылмаған. Заң солай екен.
Сақтандыру компаниясы өтемақы мөлшері мен талабын жариялағанмен, әзірге оны алуға өтініш берген ешкім жоқ. Себебі де түсінікті. Үш күн бұрын болған апаттан әлі ешкім есін жиып болмады, науқастар да әзірге толық айықпады. Бірақ, қанша жерден миллиондап өтемақы төленгенмен, жақынынан айырылғандардың запыранын баса алмас.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!