Таразда мембағдарламамен үлестірілген қос ғимаратта коммуналдық қызмет атымен жоқ
Таразда екі ай бұрын мемлекеттік бағдарламамен ипотекаға үлестірілген көпқабатты үйге тұрғындар әлі кіре алмай жүр. Себебі, 160 пәтерлі су жаңа қос ғимаратта коммуналдық қызмет атымен жоқ. Сондықтан бұқара қолы әзер жеткен баспаналарына тек сырттан сүйсінуге мәжбүр. Ал шенеуніктер бұл жағдайға қатысты нақты жауап бере алмай жатыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
08.01.2020
Мөлдір Алтынбек балабақшада тәрбиеші. Ол екі ай бұрын су жаңа үй алып төбесі көкке жеткен. Алайда бұл пәтердің не жарығы, не газы болмай шықты. Небәрі 60 мың теңге жалақы алатын жалғызбасты келіншек бұған дейін екі баласымен пәтер жалдап тұрған. Айына 58 мың теңге ипотека төлейтін болғандықтан, баспана жалдауға шамасы жетпейді.
- Жарық болмаса да, осы пәтерге көшіп келдім. Өйткені басқа барар жерім жоқ.
Қақаған суықта дәл осындай азап көрген тек бұл отбасы емес, 7 жанұя өлместің күйін кешіп жүр. Көңілге медеу болары – жылу бар.
Қанат Аманжолов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Ешқандай жарық жоқ. Шам қолданып отырмыз. Телефонды сырттан қуаттап келеміз. Тамақты ды сырттан ішіп келеміз.
Ал қарсы беттегі 60 пәтерлі көпқабатты үйде коммуналдық қызмет атымен жоқ. Сондықтан жұрт тек дүние-мүлкін әкеліп, өздері жалдамалы баспанада тұрып жатыр.
Әсел Ағыбаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Пәтерде тұрамын. Жалғызбасты анамын. Айлығым 70 мың. Оның 60 мыңын ипотекаға төлеп отырмын. Ал пәтерге ай сайын 30 мың төлеп отырмын. Білмейміз, бірбіріне сілтейді. Қайда баратынымызды білмейміз.
Ал жұртқа пәтер үлестіргенде жарыса жарнамалаған шенділер бұл жолы жауаптан жалтарғысы келгендей. Атқамінерлер бір-біріне сілтеп, жеме-жемге келгенде, нақты ақпарат беруші қалалақ құрылыс бөлімінің басшысы деп тауыпты. Алайда оның өзі «жасырынбақ» ойнап әлекке түсті. Кабинетінің есігін іштен іліп алып, ұзақ отырған шенеунік ақыры мәліметті бөлісуге мәжбүр болды. Дегенмен жағдайға жатысты жарытып жауап бере алмады.
Төлеген Бибосынов, Тараз қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Біз соқтық, өткіздік.
- Инженерлік желілері нақты қай уақыта аяқталуы керек еді?
- Жоспарда 2020 жылы біту керек болатын. Біз соны 2019-шы жылы аяқтадық.
- Бірақ толық аяқталмай, тұрғындарға неліктен берілді?
- Ол сұраққа мен...
Бөлім басшысы сөз таппай үнсіз қалғанымен, тұрғындар үндемей қалмайды. Олар 160 адамның атынан Ақордаға «арыз жазамыз» дейді. Себебі, баспананың сапасыз құрылысына да наразы. Ал көпшілік көтерген мәселе әзірге шешілмеген күйде қалды. Ішкі инженерлік желілер жаңа үйлерге нақты қашан тартылары әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!