Украиналық ұшақ апаты. Студенттің ұшақта жазған хаты табылды
Иранда Украина ұшағы апатқа ұшырады. Бортында 177 адам отырған әуе кемесі Теһраннан Киевке қарай бет алған. Алайда Имам Хомейни әуежайынан көтеріле бері жерге құлады. Өкінішке қарай, тірі қалған ешкім жоқ. Мәліметтерге қарағанда, қаза тапқандардың көбі студенттер. Рождество мерекесінде демалыс алып, үйіне қайтып бара жатқан екен. Ұшақ бортында Қазақстан азаматтары жоқ деп мәлімдеді еліміздің Сыртқы істер министрлігі.
Автор: Аруна Ортай
08.01.2020
177 адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік апат жайлы.
Жолаушыға лық толы «Боинг» ұшып шыққан бойда екі минут өтер-өтпестен, радарлардан жоғалып кетті. Ізім-ғайым кеткен әуе кемесі көп ұзамай әуежайдан ат шаптырым жерден табылды. 177 адам отырған алып лайнерден тек темір-терсек ғана қалған. Бірақ құтқарушыларды одан да қорқынышты көрініс күтіп тұрды. Әр жерде шашылған жолаушылардың денесін оларға біртіндеп теріп алуға тура келді.
Негізі, ұшақ таңғы сағат 5.15-те ұшып шығуы тиіс болған. Алайда бір сағатқа кешігіп шыққан. Қаза болғандардың 168-і жолаушы, 9-ы экипаж мүшесі. Жолаушылар – 73-і канадалық, 71 ирандық, экипаж мүшелері украиналық, жалпы саны 7 елдің азаматтары. Көбі – студенттер. Украиналық ұшақтың билеті арзан болған соң, үнемі осы компаниямен ұшып жүреді екен. Осы жолы да Рождество мерекесін үйінде қарсы алмақ болып қайтып бара жатқан. Қаза болғандардың туыстары апат орнында шашылған кітап-дәптерлер, суреттерін тауып, көз жасын тия алмады. Жартылай өртенген жеке заттардың ішінен студенттердің бірінің ұшақта жазған хаты да табылды. Онда жасы жиырмадағы жігіт емтиханын ойдағыдай тапсыруға Жаратушыдан көмек сұрапты. Алғашында «әдейі жасалған қастандық» деген түрлі әңгіме тараған. Бірақ Ирандағы Украина елшілігі «теракт» деген болжамды теріске шығарды. Ал әуе компаниясы «ұшқыштың қателігі болуы мүмкін» деген нұсқаны да қарастырудан бас тартып отыр.
Евгений Дыхне, «МІЖНАРОДНІ АВІАЛІНІЇ УКРАЇНИ» әуе компаниясының президенті:
- Экипажға қатысты еш күмәніміз жоқ. Себебі, олар біздің ең мықты командамыздан еді. Ұшақ та халықаралық рейстерге ұшып жүрген сенімді техникаларымыздың бірі. Болжам бойынша, ұшақ қозғалтқышынан өрт шыққан.Техникалық ақауға не себеп болғанын тексереміз.
Ал апатқа ұшыраған «Боингтің» зауыттан шыққанына үш жыл болған екен. Су жаңа әуе кемесі соңғы рет екі күн бұрын ғана толық техникалық тексеруден өткен.
Жалпы, Теһран мен Киев арасы бұған дейін үзілмеген. Енді апаттан соң Укранина Иранға қатынайтын барлық әуе рейстерін тоқтатып тастады. Апаттың нақты себебі де жақын күндері жариялануы мүмкін. Себебі, қара жәшігі табылды.
Ал еліміздің Сыртқы Істер министірлігі жағдайы күннен күнге ушығып жатқан Ирандағы 174 отандасымызға «төніп тұрған қауіп жоқ» деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!