Күллі әлем Вашингтонның Теһранға ресми мәлімдемесін күтіп отыр
Қарымта соққы! Бүгін Иран Ирактағы АҚШ-тың әскери базасына шабуыл жасады. Теһран Ирактағы әл-Асад пен Эрбиль қалаларындағы америкалық нысандарды көздеп, оннан аса қанатты және баллистикалық зымырандарын атқан. Шабуылдан қаншалықты шығын келгені белгісіз. Тек Иранның жергілікті телеарнасы 80 сарбаздың мерт болғанын хабарлады.
Автор: Әсем Қабылбек
08.01.2020
Алайда Ақ үй мұны растап, арнайы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сарапшылар екі елдің арасындағы текетірестің соңы соғыс отына ұласа ма деп қауіптенеді. Иран АҚШ-тың серіктестері Біріккен Араб әмірліктері мен Израилге де сес көрсетіп, Дубай мен Хайфа қалаларына шабуыл жасалатынын да ескертті.
Cоңғы бір тәуліктен бері Ирактағы АҚШ нысандарына жасалатын әскери шабуылды әлем жұрты демін ішіне тартып күткені рас. Әл-Асадта Американың ірі әскери базасы орналасқан. Осылайша Теһран Вашингтонға қарымта жауап қайтарды. Себебі, өткен аптада АҚШ-тың әуе күштері дрон арқылы Иранның бір топ әскериі мінген көлікке шабуыл жасаған. Қаза тапқан 12 адамның бірі «Кудс» арнайы жасағын басқарған Қасым Сүлеймани. Ирандық генералды өлтіруге Трамп бұйрық берген. Ал кешкі уақыттағы шабуыл әскери көсемді жерлеу рәсімінен соң жасалып отыр. Жергілікті тұрғындар «есемізді қайтардық» деп орталық көшелерде шаттанды.
Иран билігінің сөзінше, Теһран БҰҰ жарғысының 51 бабына сәйкес өзін-өзі қорғауға нақты шара қабылдап отыр. Елдің басты арнасынан мәлімдеме жасаған рухани көсем де осылай деді.
Аятолла Әли Хаменеи, Иранның рухани көсемі:
- Ирактағы Америка әскерилеріне жасалған соққы сәтті жүзеге асты. Бірақ бұл оларға жеткіліксіз. АҚШ әскерилері біздің Таяу Шығыстан кетуі тиіс.
Генералдың өлімі онсыз да тоң-теріс Вашингтон мен Теһран арасындағы жағдайды ушықтырды. Ақ үй басшысы Дональд Трамп Ирактағы әскери базаға жасалған шабуылдан хабардар. Дегенмен әлеуметтік желіге бір ауыз «Бәрі жақсы» деп жазба қалдырды. Трамп бұған дейін Ирактағы АҚШ әскериін шығаруға қатысты ойын айтқан еді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Менің ойымша, біз ауқымды жұмыс атқардық. Ирак аумағынан кеткіміз келеді, алайда дәл қазір емес. Әскерді шығарғанның өзінде шығындарымыздың өтелгенін қалаймыз. Өйткені әуежайдың құрылысына қомақты қаржы құйдық.
Десе де, күллі әлем Ақ үй басшысының ресми мәлімдемесін тағатсыздана күтіп отыр. Вашингтон Теһранға жауап қата ма? Ол жағы жұмбақ. Ал «есемізді қайтарамыз» деген ирандықтар генерал Қасым Сүлейманидің өлімінен соң Құм қаласында қызыл туды көтеріп, кек қайтарылмайынша, жалау ту төменге түсірілмейтінін меңзеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!