Ырғыздың шенді дөкейлері тыйым салған аймақта тайраңдаймыз деп айыпқа батты
Ақтөбе облысында балық аулаймын деп бүтін бір аудан шенеуніктерінің басы бәлеге қалды. Ырғыздың аудандық соты төрағасы мен прокурорынан бастап, аурухананың бас дәрігері мен төтенше жағдай басқармасының бастығына дейін жаңа жылдан кейін саятшылыққа шығады. Ал қорықтың ерекше қорғауда екені шенді-шекпенді дөкейлерді тоқтатпапты. Ақыры инспекторларға ұсталып, тыйым салған аймақта тайраңдағаны үшін айыпты болып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.01.2020
Ақтөбе облысындағы «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік резерваты ерекше қорғауға алынған аумақ. Ол жерге кез келген адамның кіруіне тыйым салынған. Бірақ бұған пысқырып та қарамайтындар аз емес. Әсіресе әкім-қаралар мен шен-шекпенділер үйір. Ырғыз ауданының осындай дөкейлерін балық аулап, қорықта қыдырып жатқан жерінен инспекторлар ұстаған.
Әнуарбек Бермағанбетов, Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:
- Заңсыз ерекше қорғалатын аумаққа кірген жеті азамат ұсталды. Оларға 380-баппен көзделген Әкімшілік кодексімен әкімшілік іс қозғалды. Енді бұл жерде мемлекеттік қызметкерлер бар деп отыр. Бұ жерде ЦРБ орталық ауруханасының қызметкерлері бар, сосын төтенше жағдайдың қызметкерлері бар.
Ұсталғандардың барлығы бір-бір мекеменің басшылары. Аудандық соттың төрағасы Ерлан Бақытжан мен прокурор Айдос Сағындықов та осында жүр. Оларға қатысты қызметтік тексеру басталды.
Анар Айтжанова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы:
- Мемлекеттің қорғауында күзетілетін аумағына рұқсатсыз кірген адамдарды ұстау туралы хабарлама келіп түсті. Олардың ішінде Ырғыз аудандық сотының төрағасы Бақытжан Ердан да көрсетілген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде.
Өркен Ещанов, Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі:
- Ерекше қорғау табиғи аймағында бірқатар тұлғалар анықталған екен. Соның ішінде Ырғыз ауданының прокуроры Сағындықов Айдос болған екен. Осы дерек бойынша Сағындықдықов Айдос әкімшілік жазаға тартылды. Тәртіптік жауапқа тарту туралы мәселесі шешуге қызметтік тексеру жүргізілуде.
Инспекторлардың айтуынша, қорықта қыдырығандардың қатарында аудан әкімдерінің бірі болған. Ол тексерушілер жеткенше қашып үлгеріпті. Қазір қай әкімнің резерваттан сапарластарын тастап кеткенін Ішкі істер басқармасы анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!