Жерді талан-таражға салып, жайылымсыз қалдырған әкімдерге талап қойылды – Алматы облысы
Жайылым жерімізді кері қайтарсын! Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында бақандай үш елді мекеннің тұрғындары жергілікті билікке осындай талап қойды. Саймасай, Тәшкенсаз және Жүнісбай Қайыпов ауылдарында мал жайылатын өріс тарылған. Бір ауылдағы мыңнан аса мал бір аумақта жайылады. Үш елді мекенді қосқанда, жайылымның жалпы аумағы 200 гектардан асады.
Автор: Әсем Қабылбек
09.01.2020
Көпшіліктің басты талабы – жерді талан-таражға салып инвесторға берген әкімдер заң алдында жауап берсін дейді.
Жайылым жоқтығынан жапа шегіп отырғандардың бірі – Қанат Ыдырысов. Өріске жіберетін екі жылқысы мен бір сиырын үйінде ұстауға мәжбүр. Жем мен шөп– сатулы.
Қанат Ыдырысов, Ж. Қайыпов ауылының тұрғыны:
- Малымызды үйде бағып отырмыз. Жарайды, қыстай шөп алдық. Жазда малды қай жаққа бағамыз? Жер жоқ. Жайылымның бәрін сатып жіберген.
Еңбекшіқазақ ауданының құрамындағы Саймасай, Тәшкенсаз, Жүнісбай Қайыпов ауылдарында жайылым тапшы. Тұрғындардың айтуынша, Қайыпов ауылындағы жерлерді ауыл әкімі ешкіммен кеңеспей, инвесторға 49 жылға жалға беріпті. Күні төрт түлікке қараған көршілес ауылдарда да жағдай осыған ұқсас.
Әділбек Көпшілбаев, Ж. Қайыпов ауылының тұрғыны:
- Халықпен ақылдасқан жоқ. Жерге нотариалды бас тартқан ешқайсың жоқ қой. Ешқайсысың өздігіңнен жерді өткізген жоқсыңдар. Мінекей, халықпен ақылдасқан жоқ. Жерді беріп жіберіп отыр. Әбден қоршап алғанда ғана халық біліп отыр.
Сағидолла Мергенбаев, Тәшкенсаз ауылының тұрғыны:
- Ол екі сиырдан не пайда? Екі сиыр әне, аш тұр аңырап. Оған не береміз? Жемшөбің қымбат. Байшонжарлар жерді алып алған. Алады да, 34 есеге жжем-шөп сатады. Қазір көріңіз, кебектің өзі қанша болып кетті?
Ал аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Қыдырбаев тұрғындар осы кезге дейін жайылым мен суармалы жерлерді «заңсыз пайладанып келді» деген ұстанымда. Ал алма өсіруге жеке серіктестікке берілген 36 гектар аумақтың құжаты заңды. Оған қатысты шешім облыстық комиссия шығарған дейді.
Қайрат Қыдырбаев, Еңбекшіқазақ аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Кезінде, 2000шы жылдары аудан әкімінің шешімі бар деп айтады ел. Бірақ ол шешім жерді қолдануға негіз болып табылмайды. Аймақтық үйлестіру комиссиясы қорытындысы негізінде «Канопус» ЖШС берілген. Біздің жер кадастрлық базамен бұл жерлердің барлығы аудан жер қорындағы суармалы жер болып есептелінеді.
Қазір жайылымға зар болған Тәшкенсаз бен Саймасай ауылындағы шаруалардың жеріне қатысты іс сотта қаралуда.
Көршілес үш ауылдың тұрғындары жайылым сұрап талай табалдырықты тоздырған. Өрісі тарылған ағайын қазір төлін төрт қабырғада ұстаса, кейбірі ата кәсібімен қош айтысқан. Амалы таусылған өзге жұрт «өзімізге тиесілі жерді қайтармайынша, соңына дейін күресеміз» деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!