Үш жасар ұлды аяусыз өлтірген күдікті сот залында өзіне қол салмақ болды – Қарағанды
Қарағандыда үш жасар Максим Гарифуллинді өлтірді деп айыпталған күдікті сот залында өзін өлтірмек болды. Бұл Игентай Сопыжановтың өз-өзіне екінші рет қол жұмсауы. Сондықтан алқа билердің қатысуымен болған процеске қарауылды күшейтуге тура келді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
09.01.2020
- Маған бірдеңе болса, бірдеңеге ұшырасам, онда оған Қарағанды облысы ПД, ІІД тергеушісі Сейдаллин кінәлі болады. Менің өліміме сол адамды айыптаңдар деп айтқым келеді.
Тергеуде қысым көргенін мәлімдеп тамағын тілгілеген Сопыжановтың пиғылы іске аспады. Ал оның бүлдіршінді қалай өлтіргені бүгін айтылды. Тергеу мәліметінше, алдымен ол Максимді кеудеден теуіп талдырған. Кейін оның денесін тізесімен басып отырып, буындырыпты. Ақырында үлкен тастың қырымен басын жарған. Бүлдіршін сол жерде тіл тартпай кеткен.
Естеріңізге салсақ, қыркүйектің 5-і күні ол үш жасар ұлды тапа-тал түсте анасының қолынан тартып әкеткен болатын. Үш күннен соң Максимнің денесі ауыл шетінде шөпке көмулі жатқан жерінен табылды.
Игентай 2014 жылы сәбидің анасы Ника Васильеваның нағашы апасын ғашық сезімдеріне қарсы болғаны үшін балталап өлтірген. 10 жылға сотталғанымен, мерзімімен бұрын босап шықты. Ал Ника Васильева туысын жер жастандырған қаскөймен қайта қосылыпты. Енді екі ғашықтың қайғылы хикаясы мен күдіктінің кінәсін алқа билер анықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!