Қайтыс болған оқушының туыстары куәгерлерді қорғауға алуды талап етуде - Ақтөбе
Ақтөбеде он бес жастағы оқушыны пышақтап өлтірген тағы бір қатарласы қамауға алынды. Осыдан екі ай бұрын жоғары сынып оқушылары қыз үшін жаппай төбелескен еді. Сол кезде пышақ жарақатын алған Мадияр Исмағұлов қансыраған күйі аурухананың ауласында көз жұмды. Ертеңінде марқұмнан бір жас үлкен оқушы қамалса, енді екі ай өткенде тағы бір оқушы күдікке ілініп отыр. Бірақ қаралы отбасы ол баланың жақындары куәгерлерге «қысым көрсетіп жатыр» дейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.01.2020
Тұңғышынан айырылған ата-ананың екі айдан бері жанары кұрғаған емес. Дүкенге кеткен ұлдарының өлі денесін аурухана ауласынан тапқанын да ұмыта алмайды. Сол күні Мадияр қатарластарымен бірге қыз үшін қырқысқан жаппай төбелеске қатысады. Ол жерде 24 бала болыпты. Пышақ жарақатынан қансыраған Мадиярды достары аурухана ауласына тастап кеткен. Сол кезде марқұмнан бір жас үлкен оқушы қамауға алынса, кейін куәгерлер пышақ сұққан тағы бір баланы айтып берген.
Гүлмира Исмағұлова, марқұмның анасы:
- Оны деген көрген куәгерлер бар. Соның сөздерінен біліп тұрмыз. Бүкіл сол жердегі балалар біліп тұр. Бірақ көбі кішкентай балалар ғой, қорқады.
Марқұмның туыстары тергеушілерден оқиғаға куә болған балаларды қорғауға алуды талап етіп отыр. Өйткені қамауға алынған екінші баланың туыстары қысым көрсетіп жатқан көрінеді.
Арман Исмағұлов, марқұмның әкесі:
- Диас деген баланың пышақтағанын айтып берді. Ол да 11ші сыныпта оқиды екен. Оны қазір полиция ұстаған. Бірақ бұл оқушының атаанасы мен жақындары мықты адамдар болып тұр. Өзім оларды көрген емеспін, танымаймын да. Бірақ куәгерлерге қысым көрсетіп жатқаны айтылуда.
Талабын айтқан марқұмның туыстары аудандық прокуратураға да барды. Олар қанды қылмысқа қатысы бар балалардың барлығын аямауды сұрап отыр.
Жасұлан Дәулембаев, Алматы ауданы прокурорының міндетін атқарушы:
- Бүгінгі таңда мұның бәрі бақылауда. Бұл іс қаланы шулатқан іс. Жас балалар арасында болған жағдай. Қазір бір бала қамауда. Енді тағы бір бала бойынша шешім қабылданып жатыр.
Оқушылар арасындағы жаппай төбелес кезінде марқұм Мадиярдан бөлек, тағы екі бала пышақ жарақатын алған. Қазір олардың жағдайы жақсы. Ал қара жамылған ата-ана сол күні қамауға алынған екі оқушыдан бөлек, пышақ ұстағандардың көп болғанына сенімді. Сондықтан тергеуді жан-жақты жүргізуді талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!