Жаңа формат ПИК өкілдерінің көңілінен неге шықпай отыр
Биылдан бастап Пәтер иелері кооперативі болмайды. Заң бойынша олар басқа форматқа ауысуы тиіс. Мемлекеттің жаңа ережесі «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасына негізделген. Бір үйдің тұрғындары тек өз үйінің жөндеуіне ғана қажетті ақшаны жинайды. Ондай шаралардың бәрін тек сол үйдің тұрғындары ғана қолына алады. Тұрғындар да оған қарсы емес. Алайда бұл жаңалық пәтер иелері кооперативі өкілдерінің көңілінен шықпай отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
09.01.2020
Үлкен тұрғын үй кешенінің бір жартысында қызмет көрсетуші ұйым атымен жоқ. Яғни, мүлік иелері бірлестігін әлі құрып үлгермеген. Тұрғындардың айтуынша, бұрынғы пәтер иелері кооперативі оларға қызмет көрсетуден бас тартып, жаңа жыл қарсаңында тағдыр тәлкегіне тастап кетіпті. Енді соның кесірін де көріп отыр. Қазір кейбір пәтерлерде жылу жоқ, ал жертөлесін су басқан. Шылқып жатқан су. Осы жағдайды неше күннен бері жөндейтін бір жан жоқ. Себебі, пәтер иелері кооперативі қызметтен бас тартып кетіп қалған. Ақырында зардабын тұрғындар тартқан.
Бауыржан Арыстанов, қала тұрғыны:
- Бір сорғыш үш подъезге жұмыс істеп жатыр. Және оның резерві жоқ. Мына аязда, дәл бүгін бізде сорғыштың қақпақтары ұшып кетті. Түнде апат болды. Үшінші рет! Бүкіл жертөле суға батты.
Бауыржанның қазір пәтері қара мұз. Электр жылытқышпен амалдап отыр. Үйді жамап-жасқау бойынша ереженің өзгергенінен олар хабардар. Оны қолдайды да. Бірақ оны ұйымдастырып жүруге ешқайсысының шамасы жоқ. Уақыты да жоқ. Себебі, жаңа тәртіп бойынша тұрғындардың өз ортасынан шыққан төраға қызмет көрсетуші ұйымды жалдайды. Оған әр пәтер ақша жинап, қалай жұмсалып жатқанын электронды түрде бақылап отырады. Жұмыстың бұл түрі енді Мүлік иелері бірлестігі деп аталады. Бірақ пәтер иелері кооперативі мұндайға қырын қарайды.
Антонина Тацей, ПИК төрайымы:
- Жоқ, бұл қиын болады. Мысалы, бір үйде 50 пәтер бар. Әрқайсысынан 30 теңгеден алам. Ол ондай ақшамен өзөзін қамтамасыз ете алмайды. Жұмысшыларыма жалақы төлеуім керек, дезинфекция жүргізу керек. Ал егер бірнеше үйден ақша жинап отырсам, ол оңайға түседі.
Дегенмен бұрынғы ПИК бірден жойылып кетеді деген сөз емес. Жұртшылық аяқасты дүбәра күйге түсіп қалмас үшін пәтер иелері кооперативін 2022 жылдың ортасына дейін қалдыруға мүмкіндік беріп отыр.
Марғұлан Әбдікәрімов, «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департаментінің директоры:
- Бір күнде жауып тастамаймыз. Оларға өтпелі кезең дейміз ғой, 2022 жылдың ортасына дейін оған уақыт беріледі. Жұмыс істеп жатқан ПИК болса және тұрғындардың көңілінен шығатын болса, жақсы жұмыс істесе, сондай ПИКді қалдыруға мүмкіндігі бар.
Бір айта кетерлігі, үйді жамап-жасқауға қажетті қаражатты жинау мәселесі біраз қатаңдай түспек. Әрбір пәтер иесі ақша жинап отыруға нотариус арқылы міндеттеледі. Егер уақтылы төлемесе, онда сот арқылы өндіріп алынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!