Инвестицияға құныққан жергілікті билік ауыл іргесін улы полигонға айналдыруға рұқсат берген – Қарағанды облысы
Экологтар Қарағанды облысында төгілген мұнай қалдықтарының зиянын тексермек. Атасу-Алашаңқай мұнай құбырынан алынатын улы қалдықтарды қайта өңдеумен айналысуы тиіс компания Мұқажан Жұмажанов ауылының іргесінен жер алып зауыт салмақ болған. Алайда улы заттарды салынбаған зауыттың орнына төгіп жатыр екен. Қолқаны қабатын иіске тұншыққан жұрт енді топырақ пен ауыз суға араласса, мал мен жан қырылады деп отыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
09.01.2020
Мұқажан Жұмажанов ауылы Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры өтетін тұста орналасқан. Ауылдың іргесіндегі мұнай резервуарларындағы улы қалдықтарды биылдан бастап әлдебір жеке компания өңдейтін болған. Оған қоршалған аумаққа зауыт салынуы тиіс еді. Алайда мұнда күзетшінің дүңгіршегінен өзге ештеңе жоқ. Есесіне, ортасына қазылған шұңқырға мұнай қалдықтары төгілген. Жел ауылға қарай соққанда жұрт сасық иіске тұншығып отыр.
Сандуғаш Шәкенова М. Жұмажанов ауылының тұрғыны:
- Далаға шықсақ, құсқымыз келеді. Түнгі сағат үште төгеді, таңға шақын төгеді. Құсамыз, басымыз айналады, мен мүлде далаға шыға алмай қаламын. Күйеуім мал жайғастырып жүргенде денесі қыши бастайды.
Аманбай Тишмағамбетов, М. Жұмажанов ауылының тұрғыны:
- Жаңарқаның өзі екіақ шықырым. Жаңаарқада 22 мың халық тұрады. Бұларды неге ойламайды? Егер өзінің тәртібімен жобасымен істесе, үкіметке қарсы емеспіз. Көзін құрту керек, әкетсін. Бес шақырым жерге әкетсін. Әкетпесе, таза жабу керек. Халықтың тілейтіні осы.
Ауылдағылардың айтуынша, шұңқырдағы улы қалдықтар топырақ пен ауыз суға араласуы әбден мүмкін. Қолқаны қабатын сасық иісті суреттеп жеткізу мүмкін емес. Дегенмен бұл жерде желсіз күнің өзінде бес минуттан артық тұра алмайсыз. Қазылған орға төгіліп жатқан мұнай қалдықтарының астына төсеніш төселіпті. Алайда мұның өзі бүгінгі күнге дейін жыртылып, әр жерде шашылып жатыр.
Бұл жерден 500 метрде былтыр ғана ауыз су шығатын құдық қазылып, тұрғындарға ауыз су жеткен.
Тән Өскенбаев, М. Жұмажанов ауылының тұрғыны:
- Көктемгі қар суы мына жерде бір жарым метрге дейін көтерілген кез болған. 2015ші жылы су қатты тасыған. Сол уақытта мынаның бәрін шаяды да, жайылымға жайып жібереді. Жер асты суы өте саяздан шығады. 1,5 ары кетсе 1,80 сантиметрден су шығады. Жерасты суына қосылатынына еш күмән жоқ.
Ал ауыл іргесін улы полигонға айналдыруға рұқсат берген жергілікті биліктегілерге бастысы өңірге келетін инвестиция екен. Әзірге қағазда ғана көрсетілген зауыт жұмыс істесе, бюджеттің бүйірі шығады. Әрі сасық иістен келетін зиянды әлі дәлелдеу керек дейді.
Бақытжан Мұқанов, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:
- Иісін сезіп тұрмын, иісі бар. Бірақ та иісінің қаншалықты зиян екенін халыққа болсын, қоршаған ортаға болсын, қандай зиян екенін тиісті мамандар ғана бере алады. Елді мекеннен 400 метр жер деген санитарлық нормаларға сәйкес, енді комиссияның шешіміне сәйкес, осы жер бөлінді.
Улы қалдықтарға қапталдан басқа орын таппаған биліктегілер химикаттардың ашық түрде төгіліп жатқанын «елден естідік» деп отыр. Наразылық артқанда, салынбаған зауыт қожайындары жұмысын тоқтатып, қарасын батырған. Сөзіне сенсек, әрекеттері заңға қайшы емес, ал улы заттардың елге зияны жоқтығына бек сенімді. Тек Қарағандыдан келетін тексерушілердің көзін осыған жеткізсек болды дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!