Алматыдағы жеке үй ауласында екі күн қатарынан болған жарылыс себебі әлі анықталған жоқ
Алматыда жеке үйлердің ауласында болған төтенше оқиғаның нақты себебі әлі анықталған жоқ. Онда екі күнде екі рет жарылыс болған еді. Шағын баспана мен моншада газ жарылып, жалын бүтін бір отбасының өмірін жалмай жаздады. Өрттен үш адам зардап шегіп, біреуі аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал үй қожайындары апатқа газ құбырын жер астымен жүргізген мамандарды кінәлап отыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.01.2020
Оқиға орнында болған Фатима Ушурбакиева әлі де бөлмеге кіруге жүрексінеді. Жаңа жылдың алдында болған төтенше жағдай үй иелерін аяғынан тік тұрғызған. Қатты дүмпуді сезген олар іле-шала далаға шығыпты. Белгілі болғандай, жарылыс есік алдындағы шағын үйден шыққан. Соны жалдап тұрған анасы мен қызының денесін күйік шалып, біреуі жан сақтау бөліміне түскен.
Фатима Ушурбакиева:
- Сағат сегізде жарылыс сияқты дүмпу болды. Сыртқа шықсақ, анасы мен қызы далада отыр. Дүниемүлкі күйіп қалды. Анасы жан сақтау бөлімінде жатыр. Терісі 60 пайыз күйген.
Оқиға орнына жеткен мамандар төтенше жағдай үй ішіндегі газ баллонынан болды деген. Алайда келесі күні жай отынмен жылитын моншада да жарылыс болып, отағасы зардап шекті.
Екінші күні жарылыс моншада болған. Үй иелерінің айтуынша, жалын орталықтандырылған кәріз жүйесімен келіпті. Өйткені мұнда ешқандай газ баллоны болмаған. Дүмпу іштегі барлық бөлмені шарпып, есіктері жұлынып, терезесі қираған. Ал үй иесінің денесінің жартысын күйік шалыпты.
Қазір Азиз сол күнді қорқынышпен еске алады. Бүтін бір отбасын асырап келген ол енді жарты жылға жуық жұмысқа жарамай қалғанына қапалы. «Барлығына орталықталықтандырылған газ құбырының сапасыздығы себеп», - дейді.
Азиз Халилов, зардап шегуші:
- Бізде бұрын газ құбырлары темірден болса, соңғы 56 айда пластмасса құбыр жүргізді. Сол уақыттан бері айналадан газ иісі шығатын болды. Міне, соның зардабын тартып отырмын.Сол кездегі жанымның қиналғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Үй иелерінің айтуынша соңғы күндері барлық жерден газ иісі шыққан. Сондай-ақ, газ құбыры жарылған үйдің дәл іргесімен жүргізіліпті. Бірақ мамандар бұл сөзбен келіспейтінін жеткізді.
Бақтияр Ізбасаров, "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры:
- Өртке қарсы акті бойынша, пропан, бутон газының себебінен газдың кемуі себебінен деп жазылған. Сондықтан біз еш нәрсе жасамадық. Ал екінші жарылыс болған кезінде біз қауіпсіздік ретінде, өз газ құбырымызды тексеріп, қазып бастадық. Бірақ әзірге ешқандай газдың кемуі табылмаған. Сондықтан жұмыс әлі жүргізіліп жатыр.
Осылайша жауаптылар тексеру жұмыстарының нәтижесі «бір аптадан соң белгілі болады» деп отыр. «Ал кінәлі екеніміз анықталса, барлық шығынды төлеп беруге дайынбыз», - дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!