Екі петропавлдық жігіт ғаламторда синтетикалық есірткі сатып қыруар пайда тапқан
Петропавлда ғаламтор арқылы синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен екі адам ұсталды. 30 және 28 жастағы жігіттер тауарларын интернетте еркін саудалап қыруар пайда тапқан. Бірақ күдіктілердің бұған дейін қанша нашаны сатып үлгергені белгісіз.
Автор: Әсем Қабылбек
13.01.2020
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сайт еш кедергісіз жұмыс істеген. Себебі, оны жасаушылар жоғары технологиялық әдіс қолданыпты – клиенттермен тек жабық электрондық арналар арқылы байланыс орнатқан. Мұның барлығы интернет-дүкенге жүргізілген сараптаманың нәтижесінде анықталды.
Күдіктілер жалдаған пәтерді тінту барысында тұз, спайс, жазбалар, сим-карталар, ұялы телефондар мен 250 граммдық синтетикалық есірткісі бар үлкен орама тәркіленді. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетейік, елімізде елірткіш затты сатып, таратқандарға қатысты жаза биылдан бастап күшейтілген.
Жандос Басыбаев, СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
- Ұсталғандар бұрын сотталмаған. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемейді. Ұсталған азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 297бабы 3- бөлігі бойынша тұтқындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!