Михаил Жванецкийдің ұлымен төбелескен қазақстандық студент қамауға алынды
Мәскеуде сатирик жазушы Михаил Жванецкийдің ұлымен төбелескен қазақстандық студент қамауға алынды. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті Асылбек Хисамиге күш қолданып, адам тонау айыбы тағылған. Шатаққа қатысқан сол оқу орнының тағы бір студенті Әлішер Қабылов ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Ал Хисамиді қазір Мәскеу полициясы тергеп жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.01.2020
Бұл орыс сатиригі Михаил Жванецкийдің баласымен төбелескен отандасымыз. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 23 жастағы студенті Асылбек Хисами болған жайды баяндап тұр. Жұдырығындағы аз-маз тыртық сол төбелестен қалған белгіге ұқсайды. Мұның да денесінде көгерген жері бар. Айтуынша, сол түні досымен бірге караокеден шығыпты.
Асылбек Хисами:
-8і күні досым екеуміз караокеден шығып келе жатсақ, телефонымды таппай қалдым. Ал артымызда келе жатқан екі жігіт бейәдеп сөздер айтып, ұлтаралық араздық тудыратын сөздер айтты. Содан олармен төбелестік.
Бақылау камерасынан байқағанымыз, сатириктің ұлы Дмитрий де төбелесіп жүр. Бірақ, қатты таяқ жеген оның өзі емес, соққыға жығылған оның досы болып шықты. Ал жерден бір заттарды алып жатқан сәтіне қатысты «ештеңесін алмадым» деп ант су ішті.
- Яғни, сонымен телефонды алмадыңыз ба?
- Иә, одан ештеңе алмадым. Еш нәрсе.
Жазушының баласы бүгінде дәрігерге қаралған. Өзі аман-сау. Оның айтуынша, караокеде отырғанда бір қызға араша түсем деп, арты осындай болған дейді. Ал таяқтың астында қалған оның досы ауруханада ем қабылдап жатыр. Екеуі полицияға арызданған.
Владимир Васенин, Ресей ІІМ ақпарат және қоғаммен байланыс басқармасының бастығы:
- Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің тұрғылықты жерін анықтап, Мәскеу облысы аумағынан ұстады. Ресей ІІМ Мәскеу қаласы, Раменки ауданының бөлім тергеушісі Қылмыстық кодекстің «тонаушылық» бабымен қылмыстық іс қозғады.
Аталмыш жайға қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі де жағдайды жіті бақылауға алған. Консулдық қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауға қызу кірісті.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Мәскеудегі консулдық қызметкерлеріміз бұл жағдайды тексерді. Мәлімет бойынша, түнгі сауық орнының жанында жас жігіттердің арасында болатын кәдуілгі жанжал. Қазір барлық мәліметті анықтап жатырмыз.
Мәскеу полициясы қазір аталмыш оқиғада шын мәнінде кімнің зардап шегуші екенін анықтауда. Себебі, бір тарап «соққыға жығылдық» деп шағымданса, қазақстандық студенттер «ұлтаралық жанжал туғызды» деп оларды айыптайды. Ал сол айқаста болған екінші отандасымыз Әлішер Қабылов ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!