Ақмола облысында саңыраулар қоғамының төрайымы мүгедек әйелді көкала қойдай сабаған
Саңырау әйелді жабылып сабаған! Ақмола облысында Саңыраулар қоғамының төрайымы мен клуб меңгерушісі өздерінің ішкі жиынында мүгедек әйелді көкала қойдай етіп сабаған. Тіпті қоғамның басқа 15 мүшесі жабылып жүріп араша түсе алмаған. Ал мылқауға қол көтерген Любовь Сенченко мен Тамара Шевченко апалы-сіңлілі екен. Бұл екеуінің қол жұмсауы «бірінші рет емес» дейді мүгедек жандар. Үнсіз өмір сүріп келе жатқан олар басшылардың бассыздығынан шаршаған. Мылқаулардың мұңын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
14.01.2020
Бұл қазіргі қоғам төрайымы Любовь Сенченконың осыдан төрт жыл бұрын басшылыққа сайланғанда берген уәдесі. «Ол уәдесінде тұрмады» - дейді мүгедектер. Олардың айтуынша, Сенченко клуб меңгеруші болып қызмет істейтін сіңілісі Тамара Шевченко екеуі мүгедектерді кеудесінен итере салу, қуып шығу, дауыс көтеріп балағаттауды әдетке айналдырған. Бұл жолы тіпті шектен шыққандай. Наразылық білдірген мүгедектерді «бетпе-бет кездесуге» шақырған. Ақыры төбелеске ұласыпты.
Күлбаршын Галиева, Саңыраулар қоғамының мүшесі:
- Жұлқылап, итерді. Шошып кеттім. Тепкіледі, басымнан төмпештеп ұрды. Көзім қарауытып кетті. Люба да, Тамара да тепкіледі. Қалғандары қарап тұрған жоқ, араша түсті. Бірақ олар жас қой, ешкімге әл бермеді.
Инна Отрощенко, Саңыраулар қоғамының мүшесі:
- Төрайым мен клуб меңгерушісі тепкілеп жатқанын өз көзіммен көрдім. Саңыраулар оларды айыруға тырысты. Не болғанын түсінбей қалдық. Қандай жағдай болмасын, қол көтеруге қандай құқығы бар?!
Басшыларынан таяқ жеген жәбірленушінің бауырлары оларды сотқа берді. Сотта тек қоғам төрайымына қатысты іс қаралды. Өзін камераға түсіруден бас тартқан Любовь Сенченко жұрттың алдында істеген ісін мойындамауы мүмкін емес еді. Сот мүгедекке қол көтерген төрайымға «біреудің денсаулығына қасақана зиян келтіру» бабы бойынша әкімшілік жаза кесті.
Облыста 400-ден аса сөйлеу,есту мүмкіндігі жоқ адам бар. Олардың барлығы аталмыш мемлекеттік емес мекемеде тіркеуде тұр. Мемлекеттік емес болғандықтан, оған әкімдік те, әлеуметтік мекемелер де «жауапты емеспіз» дейді. Басшысының әңгір таяғынан шаршап, жәбір көрген олар ендігі көмекті Республикалық қазақ саңыраулар қоғамынан күтеді. Қол қойып, хат та жолдапты. Әзірге елордадағы басшылары бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!