Көше атауын өзгертуде бір топ тұрғын қарсы шықты – Қарағанды
Ленин көшесінің атын өзгерту Кеңес дәуірінің 70 жылдық тарихына жасалған қиянат! Қарағандыда 10 көшенің атын өзгертуге бір топ тұрғын қарсы шықты. "Большевиктердің орнын Абай мен Қасым" бассын дегендер де қоғамдық тыңдауда аянып қалған жоқ. Қызу тартысты өткен пікірталас дауыс берумен аяқталып, басым көпшілік жаңа атауларды қолдап шықты. КТК тілшісі екі жақтың да пікірін тыңдап көрді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
14.01.2020
Қоғамдық тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Бұрын бюджеттік сала қызметкерлерін жинап өткізе салатын тыңдаудан өзгешелік болғандай. Өйткені бұл жолы халықтың талабы бойынша билік Лениннің мәселесін ортаға салған. Сондықтан қара құрым жұрттың арасында майданға аттанардай қызыл туды көтере келген коммунист қариялар да табылды. Одардың сөзін жастар да сөйлеп отыр.
- Ленин болған соң дүниеге келгенмін. Қарағандыда Ленин атындағыны көшені қалдыру керек. Сыйлау керек.
Серік Ақсұңқарұлы ақын:
- Өз елін жек көрген Лениннің орнында бүкіл адамзатты сүйген Абай тұру керек. Кривогузов көшесі туралы бағана мен сұрадым. «Кривогузов кім?» деп. Біреулер айтты, ол бұрын ақ гвардияшыл болған, кейін қызылдарға келіп, революция жасаған адам деді. Мұндай екіжүзді адамның орнында, тоталитарлық қоғамнан көресіні көрген, 100 жылдығында Сарыарқаға әзер келген Қасым Аманжолов тұруы керек.
Қалың нөпірдің арасында саусақпен санарлық адамның қарсы болғанына қарамастан, Абай мен Қасымға орталық көшенің атын беру қолдау тапты.
- Қасым Аманжолов, кім қолдайды?
Жалпының пікірінше, тәуелсіз ел идеологиялық ескірген ұғымнан ада болуы керек. Екі көшенің аты бұйырған Потанин мен Затевич сияқты өнер мен ғылым тұлғалары қазаққа пайдасы тиген деп саналды. Ал кезінде партияның атқару комитетін басқарғандарға көше атын беруге қарсылар табылды.
Жексен Әбдірахман Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Камали Жұматаевич Дүйсебековке бердік көшені, 17 жыл аудандық комитеттің бірінші хатшысы болған. Әңгімелерден жақсы әңгіме емес, орыстану саясатына кеткен. Нариман Төлепов кешегі қалалық атқару комитетінің төрағасы болды, Жақсы ағамыз, бірақ көше беретіндей емес, кәдімгі биліктің адамы. Ендеше бүгінгі әкім орынбасарларына көшенің атын бере берейік. Декомунизация жасаймыз дейміз де, осылай істейміз. Бірекі коммунист бар. Ол – Тәшенов. Қалса, Жұмабек Тәшеновтің есімі мәңгі қалу керек.
Биліктегілердің айтуынша, 10 көшенің атын ауыстыруға үш жарым миллион теңге қаражат жұмсалады. Осы тұста «салығымызды қажетсіз шараға жұмсауға қарсымыз» дегендер өре түрегелген. Дегенмен оларға жергілікті кәсіпкер жауап берді.
Ғалым Әшім, кәсіпкер:
- Біздің компания республикалық бюджетке жылына 250, облыстық бюджетке 500 миллион теңге салық төлеп отырмыз. Егер мәселе осыған тіреліп тұрса, көше атауларын өзгертуге жұмсалатын қаражатты толық өзіміз көтеруге әзірміз.
Кеңес дәуірінде қоғамның пікірімен санаспай-ақ аты қойылған 10 көшенің жаңа атауы қолдау тапты. Атауды өзгертуге қарсылардан гөрі, қолдағандар көп болған соң, тыңдаудың аяғы мерекеге айналған. Бірін-бірі құттықтаған халық, аты бәйгеден келгендей құшақтасып мәре-сәре.
Енді елдің дауысы Мәслихат отырысында бекітіліп, републикалық ономастикалық комиссия қарауына жолданады. Құжаттар ретімен рәсімделсе, қарағандылықтар жаз шыға Қасымды бойлай, Бұқар жырауды киып өтіп, Абай бойындағы саябақта серуендейтін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!