Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерге тыйым салынды
Елімізге Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктердің жүруіне тыйым салынды. Бұдан былай, бұл елдердің көлігін тізгіндеген жүргізушілер өз темір тұлпарларын кедендік рәсімдеуден өткізуі керек немесе сол елге апарып қайтадан сатуы тиіс. «Бұл көліктер Қазақстанда заңсыз жүр» деген Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта арнайы рейд ұйымдастырып, шетелдік нөмір таққан темір тұлпарларды түгелдей айып тұрағына тоғытпақ. Алайда арзан әрі сапалы көлік іздеп шетел асқан отандастарымыз бұл ережеге наразы.
Автор: Диас Нұрақын
15.01.2020
Он жыл сайын қайталанатын көлік дауын КТК тілшісі айтып береді.
Арзан көлік іздеп арғысы – Армения, бергісі – Бішкек асқан ағайын тағы да тығырыққа тірелді. Өйткені бұдан былай елімізде шетелдік көліктердің жүруіне тыйым салынды. Яғни осы күнге дейін емін еркін зулаған қырғыз бен Армения темір тұлпарларына енді жол сақшылары мен кеден қызметкерлері қырғидай тиеді. Соңғы 2-3 жылда шекарадан еш кедергісіз елге кірген көліктерді Ішкі істер министрі заңсыз деп отыр. Сондықтан шетелдік нөмір таққан жүргізушілер көліктерін кедендік рәсімдеуден өткізуі керек. Ал егер ондай талапқа сай болмаса, елден шығаруға міндетті.
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- Қырғызстан мен Армениядан әкелінген көліктер кедендік рәсімдеуден өтуі тиіс. Әкімшілік кодексте бұл туралы анық жазылған. Егер ереже бұзғандар анықталса, жүргізушіге айыппұл салынып, көлігі тұраққа тоғытылады.
Ішкі істер министрлігі бұл «Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ талабы» дейді. Алайда Ресей мен Белорусьтен әкелінген көліктерге ешқандай тыйым жоқ. Олар бәз-баяғыша еркін жүріп-тұра алады. Жаңа ереже тек Қырғызстан мен Армениядан көлік тасығандарды титықтатуда. Өйткені еліміздің батыс өңіріндегі әрбір бесінші көлік Армениядан әкелінген. Олар біздің елде баға арзан болса, Армения асып неміз бар деп күйініп отыр.
Ризабек Жақуәлиев, Атырау қаласының тұрғыны:
- Өзім миллион жарымға әкелдім. Енді миллион жарымға қайта тіркейтін болсам, ондай ақша екінің бірінде жоқ. Осыны ойластырып, Үкімет бір жағына шығару керек. Қазақстаннан машина алайын десең, ең арзаны 4-5 миллион.
Қаршыға Көшеков, Атырау қаласының тұрғыны:
- Ақылды адам шетелден бұқа әкелмейді, бұқаның ұрығын әкеледі деп. Сол сияқты, кіргізбес бұрын үкімет басындағылар ай қарап отырды ма? Әбден кіргізіп алғасын «айыппұл төле» дейді. Ол 1,5 млн-ға машина әкеледі, 1,8 млн айыппұл төлеуі керек. Логика қайда?
Ішкі істер министрлігінің логикасын Қазақстан автомобилистер одағы да түсінбей отыр. Эдуард Эдоков полицейлердің осыдан он жыл бұрынғы дүрбелеңнен сабақ алмағанына «таң қалам» дейді. Өйткені ол кезде де қырғыз көліктер күшпен елден шығарылған еді. Енді бұл тізімге армениялық көліктер де қосылып отыр. Алайда олардың барлығын ережеге сай, кедендік рәсімдеуден өткізу «мүмкін емес» дейді тәуелсіз сарапшы.
Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автомобилистер одағының төрағасы:
- Шетелдік нөмірі бар көліктерді рәсімдеу мүмкін емес. Өйткені кедендік баж салығы өте қымбат. Екіншіден, сырттан келген темір тұлпарлардың басым бөлігінің рулі оң жақта. Сондықтан оларды елімізде тіркеуге қоюға тыйым салынған. Бастысы 170 мың көлік бір күнде әкелінген жоқ. Олар заңсыз болса, шекарадан өткізбеу керек. Кеден қызметкерлері мен әкімшілік полиция жүргізушілерге әу баста ескерту жасауы тиіс еді.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, Қазақстан жолдарында шетелдік нөмір таққан 170 мыңға жуық көлік бар. Тіпті тәртіп сақшылары шекарашылардан елге кірген бөтен көліктердің «тізімін де алдық» деп отыр. Сондықтан алдағы уақытта «Сергек» сияқты бақылау камералары арқылы олардың жүрген жолын анықтап, жол сақшылары шетінен тоқтата бастайды. Жүргізушіге айыппұл салынып, көлігі айып тұрағына тоғытылмақ. Алайда бұл науқанның нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!