{metadescription}
Президент Тоқаев мемқызмет саласындағы олқылықтарды айтты
Президент Тоқаев мемқызмет саласындағы олқылықтарды айтты

Президент Тоқаев мемқызмет саласындағы олқылықтарды айтты

Президенттік кадрлық резерв құрамына өткендер алдағы  бес жылда түгел жұмысқа орналасады. Олар Мемлекеттік қызмет саласында немесе ұлттық компанияларда маңызды қызмет атқаруға дайын. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мыңдаған үміткердің ішінен үздік шыққандармен кездесіп, оларды алда тұрған ауқымды міндеттермен таныстырды. Бағы жанған болашақ шенеуніктермен біздің тілшіміз тілдесіп қайтты.

Президенттік кадрлық резерв қатарына өту оларға оңайға түскен жоқ. Бағын сынап көрген 13 мың үміткердің арасынан үздік шыққан 300-і бүгін президенттің алдында отыр. Болашақта маңызды мемлекеттік қызметке отыратын шенді шекпенділер де осылар. Араларында ауылдың қара домалағы мен қарапайым жүргізушінің баласы да бар. Соған қарамастан, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып келіп, Ұлттық банк пен «Бәйтерек» холдингінде жұмыс істеп үлгерген. Еліміздің қаржы нарығына қатысты өз ұсыныстары да бар. Ойын сабақтай келе, олардың бірі Абай өлеңдерінен үзінді оқып та үлгерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жақсы, рахмет саған, Ринат! Өнерің бар екен. Сөздің шешені. Сөзіңе қарағанда, өсетін жігітсің!

Жастарды әзілмен бір желпінтіп алған президент мемлекеттік қызмет саласындағы олқылықтарға тоқталды. Ресми мәліметте мемлекеттік органдарда қызметкерлердің ауысуы 6-10 пайыз. Шын мәнінде министр не әкім ауысқанда кадрлық құрамның да айтарлықтай өзгеретінін мемлекет басшысы көріп отыр. Меритократия ұғымы әдірам қалған жайттар да баршылық. Әсіресе, аға-көкесінің, тамыр-танысының арқасында қызметке орналасып алғандар Тоқаевты қынжылтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Соңғы жылдары мемлекеттік аппарат құрылымында 500-ден аса өзгеріс болды. Үнемі қайта құрыла берген соң мамандар кете бастады. Мемлекеттік аппарат үшін институционалды жадтың сақталуы ауадай қажет. Мекеме мен бөлім басшылары шегіртке ұқсап, бір қызметтен екінші қызметке тоқтаусыз секіре берсе, қайдағы сақталған?! Квазимемлекеттік секторда да осындай жағдай. 

Айта кетерлігі, биылдан бастап мелекеттік қызметкерлер саны біртіндеп азайып отырады. Ал 2024 жылға қарай мемлекеттік және ұлттық компаниялардың қызметкерлерін 25 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Ал мына іріктеліп шыққан үздік 300 солардың орнын алмастыруы тиіс.

Ринат Бектұров, Астана халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржы директоры:

- Негізі қызықты болды. Қиын да болды. Басында тесттен бастадық. Кейін өзіміздің ойымызды презентация ретінде видеоға жаздық. Одан кейін шығарма жаздық. Топта да жеке басымыздың жобаларын жасадық. Енді мен ең көп балл алып, бірінші болғаннан кейін, нақты айта алмаймын, қиын болған-болмағанын.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі іріктеу сындарының барынша ашық әрі әділ өткенін айтады. Бірақ қашанғыдай, аға-көкелердің қоңырау шалып, ұл-қызын өткізіп жібергісі келгенін агенттік төрайымы жасырмады.

Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы:

- Мәселен, тіпті маған көп адамдар қоңырау соқты. «Менің балам, менің қызым» деп. Ол мүмкін емес. Өйткені мен бірден айттым. Бұл өте ашық, объективті іріктеу.

Қазірдің өзінде 55-і өз орнын тауып үлгерген. Биыл тағы 100-і қызметке орналасады. Ал қалғаны кезең-кезеңімен  бес жыл ішінде мемлекеттік қызметкер атанады.

Президенттік кадрлық резерв деп аталса да, көбі мемлекеттік қызметте емес, қоғамдық ұйымдарда, бизнесте жетілген маман. Сондықтан президенттік резервке өту бірден басшы болуға лайық деген сөз емес. Оларға енді министрліктер мен агенттіктерден, ұлттық компаниялар мен әкімдіктерден ұсыныстар қардай жауатыны түсінікті. Бірақ басшының креслосына отыру үшін міндетті түрде жұмыс өтілі болу керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

23 қараша

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.