{metadescription}
Оқ-дәрі қоймасының өзге нысанмен ара қашықтығы қанша болуы тиіс
Оқ-дәрі қоймасының өзге нысанмен ара қашықтығы қанша болуы тиіс

Оқ-дәрі қоймасының өзге нысанмен ара қашықтығы қанша болуы тиіс

Елімізде әскери оқ-дәрі сақтайтын қоймалардың үйлермен және өзге де нысандармен ара қашықтығы қайта қаралмақ. Депутаттар Арыстағы жағдайдың екінші рет қайталанбауы керектігін айтып, осындай қауіптен арылуды талап етті. Өйткені елімізде әскери базалар мен азаматтық нысандарға қойылатын талаптар сақталмай отыр. Тіпті осы мәселеде заңбұзушылықтарға, яғни, жер телімдерін оңды-солды пайдаланатын шенеуніктерге қатысты заңды қатайту да ұсынылды.

Мәжіліс депутаттарының 2020 жылғы алғашқы отырысы. Ел-жерді аралап, тынығып қайтқан халық қалаулылары басқосудың күн тәртібіндегі 19 мәселені қарауға сақадай-сай болды. Әсіресе оларды алаңдатқан – соғыс жағдайы мәселелері бойынша заң жобасы. Депутаттар құжатты өзгертуге әкелген қорғаныс вице-министрін жан-жақтан қыспаққа алды.

Мұхтар Ерман, Мәжіліс депутаты:

- Қазіргі заңдарға сәйкес, оқ-дәрі арсеналдары, базалары, қоймаларының қасына орналастыруға тыйым салынатын аудандар бар. Қарулы күштерге тиесілі нысандардың қасында азаматтық инфрақұрылымның тұрғанын аймақтарға сапар кезінде көріп жүрміз. Бірнеше деректер де бар. Бұл тыйым салынатын аймақтар мен тыйым салынатын аудандарға қойылатын талаптарды бұзу деп есептеймін.

Депутаттардың бұл мәселеде қауіптенуіне негіз бар. Арыстағы апат – соның айқын дәлелі. Еске салсақ, биыл 24 маусымда Түркістан облысындағы әскери бөлім қоймасынан өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан-ды. Жарылған оқ-дәрі сол кезде-ақ әскери нысандар мен үй-жайлардың бір-біріне жақын тұрмауы қажеттігін ұқтырды. Қазақстанда 58 оқ-дәрі қойма, әскери база, арсеналдардың 18-інің қасында кәсіпорындар, тұрғын үйлер, басқа да нысандар орналасқан. Бұл қаншама халық оттың үстінде отыр деген сөз.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

- Қарулы күштеріміздің оқ-дәрі қоймалары, базаларының қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. Маусым айында Арыста болған жойқын жарылыстан кейін сіздер қолға алуларыңыз тиіс нормативті-құқықтық актілерді өзгерту мен толықтыру тұрғысынан ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Түсінбедім, сонда Арыстағыдай келесі апатты күтіп жүрсіздер ме?

Бейқам отырған ағайынды шошытқан жағдайдан кейінгі Арыстың бүгінгі тынысын сұрап білмек болып, отырыс залынан шыққан қорғаныс вице-министрін жауапқа тарттық. Ат-тонын ала қашқан Мұрат Бектанов біресе Мәжілістің төртінші қабатына, біресе төменгі қабатқа зырғып кетті. Бір сөзбен айтқанда, шатасқан шенеунік өз ісімен журналистерді де шатастырды.

Мұрат Бектанов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары

- Арыс бойынша қазір жұмыс істеп жатырмыз. Біршама инженерлік оқ-дәрілерді басқа жерлерге тасымалдап, ауыстырдық. Жұмыс жалғасып жатыр.

Жалпы қолданыстағы заңнамада, қауіпті әскери құрылымдар мен тыйым салынған аймақ арасы 400 метр, ал тыйым салынған аудандар үш шақырым жерде орналасуы шарт. Бірақ бұл ескі, кеңес үкіметі заманынан қалған ереже. «Бізге жаңа талаптар керек» деген мәжіліс спикері депутаттарға түйткілді мәселені шешуді тапсырды.

Төменгі палата депутаттары қоймалар мен азаматтық нысандардың орналасу қашықтығын белгілейтін жаңа заң жобасын әзірлемек. Онда оқ-дәрі сақтайтын арсеналдарды қауіпсіз жерге орналастыру талаптары енгізіледі. Және жергілікті атқарушы органдар заңбұзушылыққа барса, қатаң жазаға тарту қарастырылмақ. Ал осындай заң биыл маусым айында қабылдануы тиіс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде