Белгілі кәсіпкердің және оның әйелі мен баласының қан-жоса денесі үйінен өлі табылды
Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерді отбасымен қоса өлтіріп кетті. 66 жастағы бизнесменнің және әйелі мен баласының қан-жоса денесі өз үйінен табылған. Үш адамның өмірі қиылған қанды қылмысты қазір полицейлер тексеріп жатыр. Ел арасында бұл қалталы кісіге арнайы жасалған қастандық болуы мүмкін деген қауесет тарады. Өңірді дүрліктірген қылмыс жайлы тілшіміз айтып берсін.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.01.2020
Сұмдық оқиға түн жарымда Бәйтерек ауданы Янайкино ауылында болған. Қанды қылмыс жасалған үйде үш адамның мәйіті табылған. Қазір қайғылы жағдай болған аумақ қоршалып, тексеріс жүріп жатыр. Белгілі болғаны, марқұмның бірі жасалаған шабуыл жайында көршілерге хабар берген. Алайда ауылдастары жетіп үлгермепті.
Қабылболат Бисекешов, Янайкино ауылының тұрғыны:
- Сол үйдің , әйел адам қоңырау соққан. «Бізді пышақтап жатыр» деп. Сол кезде айқай естіліп, телефон қолынан түсіп кеткен. Анда-мұнда айтылып, кісілер барған. Барса, ешкім жоқ, үй өртеніп жатқан.
Адамдарды өлтіргеннен кейін қаскөйлер үйді өртеп кеткен. Марқұмдардың мәйітін оттың арасынан төтеншеліктер алып шықты. Олардың денесінде өткір заттың ізі бар. Қаза тапқандар – Александр Запармедов және оның әйелі мен баласы. Ресейде тұратын 43 жастағы ұлы жақында ғана ата-анасына қыдырып келген екен. Ал 66 жастағы аймаққа белгілі кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысыпты.
Ауған Алмурзин, Янайкин ауылының әкімі:
- Өте беделді, ауылға сыйлы азаматтар. Ұзақ жыл совхоз директоры, басшы болған. Халық арасында беделі бар азаматтардың бірі еді.
Ел ішінде бұл қанды қылмыс зейнеткердің «кәсібімен байланысты» деген қаңқу сөз тарады. Алайда бұл ақпаратты құзырлы орын әзірге растамай отыр. Дегенмен тәртіп сақшылары деректі ашуға «бар күшімізді саламыз» дейді.
Болатбек Белгібеков, БҚО ПД баспасөз хатшысы:
- Қазір аталған іске қатысы бар тұлғаларды және куәгерлерді анықтау бағытында жедел тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 99 бабы 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Кеше түнде болған жағдайдан ауылдықтар әбден шошып қалған. Көбі түнімен көз ілмей шағыпты. Тұрғындар қаза тапқандарды «үлгілі отбасы» еді дейді. Тіпті отағасының тарыққанға демеу болар жомарттығы барын да айтады. Бұл жанұяға әдейі қастандық жасалды ма, әлде кездейсоқ қарақшылардың құрбаны болды ма, ол жағын құзырлы орындар анықтамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!