Нұрлан Қоянбаев отау құрғысы келетін жастарға арнап фильм түсірді – My love is Aйсұлу
Нұрлан Қоянбаев Америкада тағы да фильм түсірді. Бұл жолы бизнес емес, махаббат жайлы. "My love is Aйсұлу" – қос ғашық жайлы романтикалық комедия. Туынды сүйіктісіне өтірік айтамын деп, түрлі тосын жайттарға тап болатын жігіттің оқиғасы туралы. Комедия көрерменді күлдіріп қана қоймайды. Сонымен бірге отбасы құруды армандаған қыз-жігіттерге ой салады.
Автор: Аруна Ортай
16.01.2020
Махаббат оқиғасы Алматыда басталады. Санжар кезекті мәрте сценаристер байқауынан өтпей қалып, ауылына қайтуға мәжбүр болады. Алайда жолда қызбен танысып, ғашық боп қалады. Қыз да жігітті ұнатып, Санжардың бақыттан басы айналады. Тек бір кішкентай түйткіл жігітке маза бермейді.
-Проблема басқада, танысқан кезде кішкене өтірік айтып қойып едім! Не деп едің, соншама?!
Қызға құлай ғашық болған жігіт таныстық кезінде байқамай өтірік айтып қояды. Америкада кино түсіремін деп мақтанады. Ал шын мәнісінде ол стадионның көгалын күтіп, баптайтын жұмысшы. Мұны білсе, сүйгені «тастап кете ме» деп сескенген жігіт шынын айтпай, қалай да жасыруға тырысады.
- Бір ай Америкадамын деп айта тұрамын. Сосын сен үшін қайтып келдім деймін де, үйленеміз, балалы-шағалы боламыз, сол кезде шындықты айтам!
Алайда күтпеген жерден өтірігі ашыла жаздайды.
-Санжик, саған арнаған тосын сыйым бар! Тосын сыйларды ұнатамын! Мен Лос-Анджелестемін!
Нұрлан Қоянбаев, актер, продюсер:
- Бұл жерде тек қана «ха-ха» деген күлкі емес, бұл жерде екі адамның қарым-қатынасы бар, махаббаты сонымен ерекшеленеді. Соңғы түсірген киноларыма қарағанда, осы фильм өзіме қатты ұнады. Шынайы сияқты. Өзіме жақын. «Мейірімді» кино дейді ғой, көрермендерге жақсы ой беретін сияқты.
Оқиға Алматыда, сосын Американың Лос-Анджелес қаласында өрбиді. Оны түсіруге бір жылға жуық уақыт кетіпті. Негізі кино одан ертерек түсіріліп қойған. Бірақ Қоянбаевтың көңілінен шықпай, продюсер фильмді қайтадан түсіріп шығыпты.
Нұрлан Қоянбаев, актер, продюсер:
- Түсірген киномыз да болатын еді, кинотеатрға жіберуге, бірақ мына жер жібермеді. Бір шамалы көңіл толмағаннан кейін күшейтейік дедік.
Идея авторы – Нұрланның өзі. Фильмде Голливудтың әртістерін де көруге болады. Олар Кэри Тагава мен Бай Линг. Продюсердің айтуынша, сценарийдің ұнағаны сонша, танымал актерлер онда тегін ойнауға келіскен.
Ешқандай махаббат оқиғасына ұқсамайтын ерекше романтикалық комедиядан сіз де құр қалмаңыз. Туынды 30 қаңтардан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!